Жұмысшының өмірі бәрінен де маңызды
Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша жалақы қарыздары және еңбек шиеленістері туралы ақпарат ресми түрде тіркелмеген. Осыған байланысты ауданда еңбек қатынастары саласындағы ахуал тұрақты. Бұл туралы аудандық әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия мүшелеріне облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен ауданға келген еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Балабек Нарбаев мәлімдеді. Басқарма басшысы сонымен қатар, ауданның үш жақты комиссия мүшелеріне өндірістегі жарақаттанушылық және жазатайым орын алған оқиғаларды баяндап берді. Өкінішке орай бұл бойынша аудан көлемінде 2019 жылы 2 жазатайым оқиға орын алып, 2 адам ауыр жарақатпен жараланған. Одан бөлек аудан бойынша 2019 жылдың І тоқсанында жеке тұлғалардан 6 арыз-шағым келіп түскен. Оның ішінде негізгілерін атап өтер болсақ, Каменка ауылында орналасқан «Облыстық туберкулезге қарсы балалар санаторий» мемлекеттік мекемесінде ұжымдағы ахуал жайында ұжымдық арыз-шағым болған. Одан бөлек, Құлан ауылында орналасқан «Жауқазын» балабақшасында жұмысшыларға жалақы уақытылы және толық көлемде төленбеген. Аталмыш мәселелер еңбек инспекциясы басқармасының тікелей араласуымен өз шешімін тауыпты. Балабек Жанбекұлы жиын барысында төменгі жалақыны көтеру, әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселесі жайында кеңінен сөз қозғап, аудан әкімінің орынбасары Руслан Оразханға бірқатар жұмыстарды жандандырып, ретке келтіруді тапсырды.
Басқарма басшысы жиын аяқтала салысымен бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ «Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорыны» ұжымымен кездесіп, Украинадан әкелінген қондырғының жұмысын бақылады. Келешегі кемел кәсіпорынның жұмысын бас инженер Тұрғынбек Әденов таныстырып жүрді. Айта кету керек, аталмыш кәсіпорын ұзындығы 800 метрге дейін жететін рельстерді дәнекерлеумен айналысады.
Балабек Жанбекұлы келесі кезекте ауданда 1000 гектар алқапқа алма және шие талдарын егіп жатқан «SV Agro» ЖШС-не ат басын бұрды. Ондағы жұмысшыларға жасалған жағдаймен танысып, жоғары бағасын берді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
СУРЕТТЕ: облыстық Еңбек инспекциясының
басқарма басшысы Б.Нарбаев рельс дәнекерлеу кәсіпорнында.