Наурыз көже – ынтымақтың дәнекері
18 ViewsНаурыз мерекесінің басты тағамы – «Наурыз көже» екені мұқым қазаққа белгілі. Негізінде, «Наурыз көженің» тарихы туралы ел ішінде көптеген деректер айтылады. Шағын ғана мақаламда…
Дүйсенбіде аудан басшысы Ерболат Садырқұлов Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмін басшылылыққа ала отырып, білім саласында қызмет етіп жүрген ұстаздармен кездесті. Жиынға білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров бастаған ұстаздар, кәсіподақ төрағалары мен мектеп директорлары қатысты.
Басқосуда ең алдымен сөз алған аудан басшысы жиналған жұртты жиынның мақсатымен таныстырды. «Құрметті ұстаздар! Жалпы қоғам үшін ұстаздық қызмет мамандықтардың ішіндегі ең төресі болып саналады. Бірақ өкінішке орай, қазіргі қоғамның мұғалімге деген көзқарасы өз деңгейінде ме? Сондықтан да бүгінгі таңда мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр. Соның бірі – Елбасы бастамасымен қолға алынған «Педагог мәртебесі туралы» Заң. Алдағы уақытта аталмыш Заң мұғалімдер мәртебесін көтеруге, білім саласында орын алып жатқан кемшіліктерді реттеуге септігін тигізетіндігіне сенімдімін. Бүгін осы жерге жиылған себебіміз — білім саласындағы кемшіліктерді өздеріңізден естуді жөн көрдім. Өйткені, оларды сіздерден артық ешкім білмейді. Бірден айта кетейін, жиын еркін форматта өтеді. Сол себепті өз ойларыңызды ашық әрі нақты жеткізулеріңізді өтінемін. Қосар ойларыңыз болса, тыңдауға дайынбыз» — деді Е.Садырқұлов. Мінбеге алғашқы болып шыққан білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров өткен жылы атқарылған жұмыстарға, жеткен жетістіктерге толығымен тоқталды. Сонымен қатар ауданның бас ұстазы өз сөзінде орын алған кейбір келеңсіз жайттарды баяндап, бірқатар мектептерге газ кіргізу және спорт зал салу керектігін тілге тиек етті. Келесі кезекте мінбеге аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айнұр Баймұратова шығып, өз тарапынан бірқатар ұсыныстар айтты. Айнұр М а н а т б е к қ ы з ы м е к т е п т е р д е г і әдістемелік бірлестік жетекшілерінің жұмыстарының маңызы зор екендігіне тоқталып, қазіргі уақытта олардың жасаған еңбектері ескерусіз қалып, қаржы төленбей жатқанын мәлімдеді. Одан бөлек мұғалімдерге жылына бір рет отын алуға бөлінетін қаржының аз екенін айтып, оны көтеруді ұсынды. Аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы ұсыныстарды алдағы уақытта саралап көруге уәде берді. Аудан әкімі баяндамашыларды тыңдап болғаннан соң, ҰБТ, құқық бұзушылық, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орын басарлары мен психологтардың жұмыстарын жандандыру керек екендігіне тоқталды.
Аудан басшысының «Жиын еркін форматта өтеді» деген сөзін ескерді ме, әйтеуір ұстаздар қауымы кеңінен көсіліп, өз ұсыныстарын кезек-кезек жеткізуге асықты. Мектеп директорлары және ұстаздар несиеге үй және мал алу, ауыр бетон қабырғаларымен қоршалған мектеп қоршауларын ауыстыру, Әлия Молдағұлова атындағы жаздық лагерь кешенін ретке келтіру, кейбір білім ордаларына спорт зал салу, Жалпақсаз және Тасшолақ ауылындағы мектеп оқушылары жиналатын аялдамаларды жарықтандыру сынды сан алуан мәселелерді ортаға салды. Ерболат Садырқұлов пен оның орынбасары Бейсенбек Әлпейісов аталмыш мәселелердің шешілу жолдарын айтып, хаттамаға тіркетіп отырды. Осылардың ішінде Ақыртөбе орта мектебінің мұғалімі Виль Баязитов орынды ұсыныс айтты. Оның айтуынша ауданның бірде-бір мектебінде алғашқы әскери дайындық пәніне қажетті құрал-жабдықтар жоқ екен. «Елімізде алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытылып жатқанына 22 жыл болады. Осыншама уақыт өтсе де, ауданымыздың бірде-бір мектебінде оқу құралдары ретінде қолданылатын қару- жарақ жоқ. Облыстық байқауға барып жатсақ, біздің ауданның оқушылары қаруды жинап-шашуға келгенде өзге аудандардан едәуір артта қалып жатады. Бұл – бір. Екіншіден, қолына қару алып көрген оқушы әскерге барудан қашпас еді. Керісінше қызығушылығы артып, Отан қорғауға құлшынысы артар еді. Яғни, алғашқы әскери дайындық пәніне автомат және тир мылтықтары не үшін керек екенін енді түсінген боларсыздар. Құрметті Ерболат Салқынбекұлы егер де осы мәселені шешіп берсеңіз, сізге шексіз риза болар едім» деп өз ойын тұжырымдады. Аудан әкімі өз кезегінде орынды мәселе көтерілгеніне алғысын айтып, бірте-бірте бұл олқылықты шешіп беруге уәде етіп, жиын соңы марапаттау сәтіне ұласты. Жуырда ғана облыстық «ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ СПОРТ СҮЙЕР ҰСТАЗДАРЫ» атты білім және ғылым мекемелері мен ұйымдары арасында өткен спартакиаданың жеңімпаздарын марапаттады.
Жиын барысында ұстаздар мектептің материалдық қажеттіліктеріне байланысты көптеген мәселелерді қозғады. Дегенмен, аудан әкімімен кездесу кезінде ұстаздар тарапынан мұғалім мәртебесін көтеруге байланысты бірде-бір ұсыныс айтылмағандығы бізді қатты қынжылтты.
Ж. БАЗЫЛБЕКОВ.