БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

781 Views

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен соңғы бес жыл көлемінде «Мерейлі отбасы» байқауы өтіп келеді. Өткен жылы Қазақ ауылының тұрғындары Ниязқұловтар отбасы байқаудың республикалық кезеңінде топ жарып, бас жүлдені еншілеген еді. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған байқаудың аудандық кезеңі мәресіне жетті.

Жыл сайын дәстүрлі өткізілетін байқауға биыл 8 отбасы құжаттарын өткізген екен. Нәтижесінде құжаттары мен қоғамдық өмірдегі қол жеткізген табыстары ұлттық конкурс талаптарына сәйкес келген 4 отбасы облыстық кезеңге жолдама алыпты.

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңіне қатысқан отбасыларды марапаттау рәсімі өтті. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов өзінің құттықтау сөзінде: – Кез келген қоғамның дамуы, кез келген мемлекеттің жетістікке жетуі ол әрбір отбасының жетістігіне тікелей байланысты. Балаларына терең білім беріп, жақсылап тәрбиелеп, қоғамда үлкен жетістіктерге жеткізіп отырған отбасылардың еңбегінің нәтижесінде еліміз дамып, мемлекетіміз өркендеп келеді,-дей келе, өткен жылдың жеңімпаздары Ниязқұловтар әулетінің жетістіктеріне тоқталды. Сондай- ақ, облыстық кезеңге жолдама алған Мадимаровтар, Елшібаевтар, Әлілер, Дәуеновтер отбасына сәттілік тілеп, ел дамуы жолында табысты еңбек етуге шақырды. Сол секілді аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов та сөз алып, «Отан – отбасынан басталатынын» атап өтті. «Ұрпақ үшін өмір сүретін халықпыз. «Халық – ұрпағымен ұлы» деген тағы лымды қазақ бекерге айтпаса керек-ті. Сондықтан да отбасыларымыз берік, ұрпақтарымыз білімді, абыройлы болып, қоғамнан өз орындарын таба берсін» деген ізгі тілегін жеткізді.

Келесі кезекте «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысқан отбасыларды марапаттаған аудан әкімі отбасы мүшелерімен естелік суретке түсіп, арнайы сыйлықтарды табыс етті. Жиын соңында облыстық кезеңге жолдама алған Әлі Бекқұлы ағамызға сөз берілді. Ол байқауды ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдіріп, облыстық байқауда сенімді ақтауға сөз берді.

Отанымыздың іргесі берік болуы үшін отбасының бірлігі бекем болуы маңызды. Ендеше, ұлтымыз кемелденіп, күшті әрі қуатты болсын десек, осындай бірлігі жарасқан берекелі отбасыларды әрқашан үлгі етуіміз керек.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: