ТЕРЕҢӨЗЕКТЕ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен бүгінде облыс және аудан әкімдері шалғайда жатқан ауыл-аймақтарды аралап, жергілікті жұрттың тыныс-тіршілігімен жақын танысуда. Осыған орай сейсенбі күні аудан басшысы Ерболат Садырқұлов Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмін басшылыққа ала отырып, Тереңөзек ауылдық округіне қарасты ауылдарға барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Ауылдардағы түйінді мәселелерді халықтың өз аузынан естіп, ұсыныс-талаптарын тыңдады.
Аудан басшысының сапары ең алдымен Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолаққайыңды ауылынан басталды. Округ құрамындағы күрмеуі қиын мәселелері көп ауылдың бірі – осы елдімекен. Мәселен, ауылға апаратын үлкен күре жол ойдым-ойдым халге жетіп, әбден тозығы жеткен. Тез арада жөндеу
жұмыстарын қажет етеді. Сонымен қатар, ауылда көгілдір отынның жоқтығы да көптің көңіліне қаяу түсіруде. Ал, кейбір үйлерге ауыз су құбыры мүлдем жүргізілмеген. Осының бәрін аудан әкімі өз көзімен көріп, алдағы уақытта тиісті шаралар қабылдайтынын жеткізді.
Ерболат Салқынбекұлы одан соң Көкарық елдімекеніне ат басын бұрды. Ондағы мәдениет үйінің жұмысымен танысып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді. Көкарықтықтардың көкейіндегі басты арманы – медпунктің салынуы. Яғни, мұндағы тұрғындар ауылдың шалғайда орналасқанын айтып, ауылда емдеу орталығы жоқ деп жиі шағымданады. Сонымен қатар, ауылда көше жарықтандыру және жол мәселелері де тұрғындар тарапынан көптен бері қозғалып келеді.
Көкарық ауылынан кейін аудан әкімі округ орталығы Тереңөзек ауылына келіп, бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Солардың ең алғашқысы – Жамбыл атындағы шағын орталықты орта мектебі болатын. Аудан басшысы аталмыш мектептің спорт және акт залын, зертханалық бөлмелері бар химия, биология, физика және информатика кабинеттерін, мектеп асханасын аралап, көзге көрінген кемшін тұстарды атап, ескертулер берді. Кейіннен мектеп ауласын аралап, есік алдын жаңарту және жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді мектеп директоры Эльмира Закимбаева мен білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыровқа тапсырды. Білім ордасының жұмысын саралап болғаннан кейін, аудан әкімі ауылдағы денсаулық сақтау саласының жұмыстарына қанық болды. Яғни, ауылдағы бір мезетте 25 адамға қызмет көрсете алатын медпунктің атқарып отырған жұмыстарына баға берді. Ғимараттың
ішіндегі бөлмелерді аралап шығып, негізгі орын алып жатқан мәселелерді ақ халаттылармен бірге талқылады. Бәрін мұқият тыңдаған аудан басшысы кейбір ауру түрлеріне ортақ база арқылы берілетін дәрі-дәрмектерге емделушілердің қол жеткізуі, медицина саласындағы мамандардың цифрландыру жүйесіне көшуі, кадр тапшылығы сынды мәселелерге толығымен тоқталды. Одан соң әкімшілік ғимаратына кіріп, мемлекеттік қызметкерлермен жеке дара тілдесті. Олармен алдағы сайлау науқанына дайындық, көп балалы аналарға берілген атаулы әлеуметтік көмек, электронды құжат беру жұмыстары туралы сөз
қозғап, пікір алмасты.
Ерболат Садырқұловтың келесі бас сұққан нысаны – «Балауса» балабақшасы. Қазір онда үш топта 75 бала тәрбиеленуде. Балабақша меңгерушісі Алтынай Сазанбаеваның айтуынша балабақшаға кезекте тұрған бүлдіршіндер саны жылдан-жылға көбейіп келеді екен. Сондықтан да қазір балабақша маңынан жер телімі бөлініп, тағы да екі топтың балалары үшін қосымша ғимарат салынуда. Құрылыс жұмыстары басталып та кетіпті.
Тереңөзек ауылдық округінде бала саны айтарлықтай көбейген. Бұл жайында аудан
әкімі мен ауыл тұрғындарының кездесуінде ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жолдас Қайнарбаев мәлімдеді. «Құрметті Ерболат Салқынбекұлы! Ауылымызға арнайы ат басын бұрып, халықпен жүздесіп, тілегімізді тыңдауға келгеніңізге алғысымыз шексіз. Бүгінде Тереңөзек елдімекен тұрғындарының жағдайы
жаман емес. Ауылымыз демографиялық жағынан дамып, жыл сайын бала саны ұлғайып келеді. Оны балабақшамызды аралаған сәтте аңғарған боларсыз. Бұл көрсеткішті тек балабақшадан ғана емес, мектебіміздің қазіргі жағдайынан да анық байқауға болады. Мәселен, ауылдағы мектеп 320 балаға шақталып салынған. Несін жасырамыз, қазір онда 550-ден астам бала оқып жатыр. Оқушы саны көп болғандықтан, балалар оқу бөлмелеріне сыймай жатқан жайы бар. Осы мәселеге назар аударып, өз тарапыңыздан шара қолдануыңызды өтінеміз» деді ауыл қариясы. Ақсақалға аудан басшысы нақты жауап беріп, мәселенің шешу жолдарын түсіндірді. Одан бөлек кездесуде тұрғындар тарапынан жайылым, денсаулық сақтау, ауыз су, жол, жарықтандыру, ауыл маңынан дәріхана ашу сынды мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыланды. Жиында тағы бір өзекті мәселе көтерілді. Дәлірек айтар болсақ, Тереңөзек ауылында 42 үйге көгілдір отын кіргізілмеген. Оның себебі газ құбырына төленетін соманың халық қалтасы үшін қымбат болуынан екен. Газ жүргізген мердігер компания құбыр жолы үшін 157000 теңге шамасында қомақты қаржы сұрап отыр. Ал, ол соманы бірден төлеуге ауылда әрең күңелтіп отырған тұрғындардың шамасы жетпейді. Сондықтан да тұрғындар мердігермен келіссөздер жүргізіп, аудан әкіміне осы іске араласуды өтінді. Аудан басшысы өз кезегінде мәселенің шешу жолын заң талаптары арқылы түсіндіріп, газ жүргізуші компания басшысымен жеке сөйлесетінін айтты. Соңынан жиынды қорытындылап, осы жылы округ көлемінде атқарылатын жұмыстарды жіпке тізіп берді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.