Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
«Мен – Қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген» деп жырлаған ақын Жұбан Молдағалиевтың өлеңінде қазақ ұлтының нендей зұлмат жылдарды бастан өткергені шынайы жазылған. Иә, қиянатшылдардың қолынан жасалған ашаршылық кезінде де қазақтың тамыры үзілген жоқ. Алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды шыншыл тұлғалар оққа ұшырар кезде ұстанған позицияларынан айнымай, қазақы намыстың ұшқынын дәлелдеп кетті. Қазақ осындай тектілігімен Ұлы! Сонысымен Қаһарман! Өткен жұмада аудан жұртшылығы орталық алаңға қойылған тау тұлғалы Тұрар Рысқұловтың ескерткішінің маңына жиылды. Мақсат – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минуттік үнсіздікпен еске алып, бабалар рухына тағзым ету. Алдымен аудан әкімі Ерболат Садырқұловпен бірге мемлекеттік қызметкерлер, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары жазықсыз құрбан болған отандастарымызды еске алып, ұлт зиялысыТұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Еске алу митингісінде аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы сөз сөйлеп, ел тарихындағы қасіретті жылдар нәубеті туралы баяндап берді. Одан кейін сөз сөйлеген аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов елдің келешегі үшін күрескен Алаш арыстарының, ашаршылық кезінде зар жылаған аналар мен жазықсыз опат болған әкелердің тасқа қашалып жазылған тағдырын жүрек толғантар тебіреніске толы сөздермен айтып берді. Жиын соңында барша аудан жұртшылығы «Сұлутөр» кинотеатрында «Алаш алыптары» деректі фильмін тамашалады.
Марат ДИХАНБАЙ.