Ел чемпионатында топ жарды
«Құлан таңы» газетінің № 39 (7530) санында «Асық атудан жеңімпаз атанды» деген тақырыпта Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі асық атудан №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ескендір Тегешовтың шәкірттерінің жетістігі туралы жазған едік. Ұлттық ойынымыз асық атудан облыстық чемпионатта үздіктердің үздігі атанған Есекеңнің шәкірттері ел чемпионатында да қарсыластарының алды болды. Әлижан Жосалы, Нұрсейіт Сәлімғазы есімді оқушылар өздеріне берілген жолдаманы сәтті пайдаланып, ел чемпионатынан да жүлделі I орынмен оралды.
Мемлекеттік қызметшілеріміз тұғыр биігінен көрінді
Таяуда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық филиалы мен облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан облыстық турнир болып өтті. Аталмыш
турнирдің мақсаты- мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, бұқаралық спортты дамыту. Облыс аумағындағы барлық аудандардан өзге Тараз қаласының мемлекеттік қызметшілері қатысқан бұл додоға біздің волейболшыларды аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов бастап барды. Турнирге қатысқан 11 команданың ішінде мемлекеттік қызметшілеріміздің көрсеткен нәтижесі көңіл қуантты. «Тараз- Арена» спорт кешенінде өткен айтулы жарыста әкімшілік мемлекеттік қызметшілерден құралған командамыз жүлделі I орынды иеленді. Айта кетейік, алдағы уақытта турнирде жеңімпаз атанып, жүлдеге іліккен волейболшылардан команда жасақталып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай Павлодарда өтетін республикалық чемпионатта олар өңір намысын қорғайтын болады.
Жас таеквондошыларымыз жарап тұр
Балаларды қорғау күніне орай спорт кешенінде таеквондодан облыстық жарыс ұйымдастырылды. 8 бен 12 жас аралығындағы балалар арасында өткен аталмыш жарысқа ауданымыздың жас таеквондошыларынан бөлек, Шу, Қордай, Сарысу, Меркі және Тараз қаласынан 150-ге жуық спортшы қатысты. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімін аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев сөз сөйлеп, ашып берді. Одан кейін сөз сөйлеген №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ұланбек Омарбеков мерейлі мейрам қарсаңында ұйымдастырылып отырған жарыстың мәні мен мазмұнына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысқа толы болған жарыс қорытындысына сәйкес жалпы командалық есепте Тараз қаласының таеквондошылары жүлделі III орынға ие болса, жүлделі II орын Шу ауданының жеткіншектеріне бұйырды. Ал жүлделі I орын жарыс қожайындарының еншісіне жазылды.
Топтаманы дайындағандар: Жанерке ДҮЙСЕН,
Марат ДИХАНБАЙ.