Аудан халқы белсенділік танытты

825 Views

9 маусым еліміз үшін тарихи күндердің бірі болып есте қалды. Себебі, дәл осы күні қазақстандықтар Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына түскен жеті кандидаттың бірін таңдап, дауыс берген болатын.

Сайлау науқанында аудан жұрт­шы­лығы да белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады. Солардың қатарында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та бар. Таңғы сағат 7.00-де өз жұмысын бастаған №342 сайлау учаскесіне аудан басшысымен бірге аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Пазыл Сүлейменов те келіп, көңілінен шыққан кандидатқа дауыстарын берді. Сайлауға ауданның зиялы қауым өкілдері де бір кісідей атсалысты. Олардың қатарында ауданның Құрметті азаматы, ақын, жазушы Қуандық Шолақ та бар. Қолына қалам алып, талай тың шығармаларды дүниеге әкелген қаламгер дауыс беріп, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі көрсетті.

Сайлау күні жалпы алғанда аудан бойынша 35 сайлау учаскесі жоғары деңгейде жұмыс атқарды. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына ауданның барлық сайлау учаскелері зор дайындықпен, ұйымшылдықпен жұмыс істеді. Аудан тұрғындары таңнан бастап, саяси науқанға қатысып, азаматтық парызын орындауға бір кісідей атсалысты. Ауданда алғаш рет сайлаушы атанып отырған 238 жаспен бірге жасы ұлғайған 112 қарт сайлаушы бар. Сонымен қатар, 906 түрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар сайлаушы ретінде ресми түрде тіркелген. Олардың учаскелерге келіп, сайлау кезінде емін-еркін дауыс беруіне Заң талаптарына сай барлық мүмкіндіктер қарастырылды.

Округтерде орналасқан сайлау учаскелерін алғаш болып ашқан азаматтарды ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен ауыл қариялары құттықтап, жас сайлаушылар мен бірінші рет дауыс берген сайлаушыларға символикалық сыйлықтар табыс етілді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: