Қарапайым әрі кішіпейіл азамат

677 Views

Қытай ойшылы Конфуцийдан «Даналыққа жетудің неше жолы бар?» деп сұраса керек. Сонда данышпан:
– Бірінші жолы – іштен дана болып туатындар. Мен олардың қатарына жатпаймын. Екінші жолы – оқу-білім арқылы даналыққа жеткендер. Мен солардың қатарына жатамын. Үшінші жолы – мұқтаж болған кезде ғана оқитындар. Төртінші жолы – мұқтаж болса да оқымайтындар. Олар адамның ең жаманы» деп жауап қайырыпты. Құлан ауылдық округі әкімінің орынбасары Жайлыбаев Мұрат Арықбайұлымен тілдескен кезде кейіпкеріміздің аузынан осындай ғибратты сөз естідік. Қандай ғажап айтылған. Жалпы, Мұрат Арықбайұлы көп оқитын азамат қой. Ол тіпті, өнер десе, ішкен асын жерге қояды.
«Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деген ұлт зиялыларының көрнекті өкілі Әлихан Бөкейханұлының сүбелі сөзін санаға берік сақтаған Мұрат Жайлыбаевтың мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқанына 21 жылдың жүзі болды.
– Мен мемлекеттік қызметке 1998 жылы келдім. Маратжан, өзің білесің ғой ағаңды. Талай сапарлас болдық. Жалпы мақтангершілікті құп көре бермейтін қазақтың бірімін,-дейді Мұрат Арықбайұлы өз сөзінде.
Иә, 1956 жылы Құмарық ауылында дүниеге келген Мұрат Жайлыбаевпен талай жолсапарға шыққанымыз рас. Кейіпкеріміздің бойынан сондағы бір байқағаным, өте салмақты. Өзі айтқандай, бәзбіреулер секілді бір «грамота» алса, соны газетке шығаруға мүлде талпынбайды. Себебі, атақ-дәреже оны мүлде қызықтырмайды. Өйткені, оның «адамға ақыл бермей, керісінше, ақылды қылып көрсететін әдет беретінін» ол жақсы түсінеді. Сондықтан Жүсіпбек Аймауытовтың «Қазақ азаматтарына нақ қазір мына үш қасиет айрықша керек. Олар: ұлтшылдық, білімділік, табанды батылдық» деген сөзін Құлан ауылдық округі әкімінің орынбасары Мұрат Жайлыбаев өзінің өмірлік ұстанымдарының біріне балайды.

Поделиться ссылкой: