Көпшілік оны Зина деп атайды

702 Views

Ұлттың қамын ойлаған алаш арыстарының бірегейі Смағұл Сәдуақасов­тың «Мемлекеттік қызмет­те ең әуелі нені ескеру керек? Мем­лекеттік қызметте ең алдымен адам­ның ұлтқа жаны ашитындығы немесе жаны ашымайтындығы мін­детті түрде ескерілуі керек» деген ұрпақ тәрбиесіне үлгі болар өнегелі сөзі бар. Осы ретте, «Мемлекеттік қызметте сол талапқа сай жұмыс істеп жатқандар бар ма?» деген сауал туындауы мүмкін. Біздіңше, бар.
Журналист болған соң, аудан әкімдігінің ғимаратына жиі барамыз. Басты міндет жазу ғой әрине. Аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Алимова Зейнегүл Нығызбайқызын ең алғаш сондай бәсірелі жиындар­дың бірінде көргенмін. Көрер көзге кейіпкеріміздің өте білімді, ұстамды жан екені байқалады. Ал жақын танысып, әңгімелескен кезде Смағұл Сәдуақасовтың жоғарыда атап өткен сөзінің Зейнегүл Нығызбайқызы­ның өмірінде үлкен маңызға ие екенін және осы қағида оның мемлекеттік қызметтегі басты кредосының бірі болып келе жатқанын түсіндік.
«1989 жылдан бастап менің мем­лекеттік қызметтегі еңбек өтілімді есептесек, мінеки, табаны күректей 30 жылға жуықтапты. Осынша жыл­дан бері мемлекеттік қызметте жұ­мыс жасап келемін. Ал, аудан әкімі аппа­ратында 2006 жылдан бастап абыроймен қызмет атқару үстіндемін. Жаңа сіз адамды ойландырар сөз айттыңыз. Ол шынымен де солай болуы тиіс. Мемлекеттік қызметші ең алдымен өз ұлтына жаны ашуы керек. Кез келген адаммен тіл табыса білген жөн. Иә, мемлекеттік қызметкерге тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар көп айтылады. Түсінемін. Бірақ, мәселесін шешу қолыңнан келмесе де, оған зер салып, тыңдаған абзал. Өкінішке орай, бүгінгі жастарымыз бұл үдеден толығымен шығып отыр дей алмаймын. Көбісі жұмысқа атүсті қарайды. Халқымызда «Жылқы кісініскенше, адам түсініскенше» деген сөз бар емес пе? Сондықтан адамдарды тыңдай білген де жақсы қасиет. Алай­да, жастарымыздың көбісі олай етпейді. Қазақ ағартушыларының бірегейі Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, таза дос – өміріңде өкіндірмес қасиеттер осылар» деп жазып кеткен екен. Шәкәрім атамыздың осы сөзі жастарымызға тәбәрік болса ғой шіркін» деп қорытындылады сөзінің соңын Зейнегүл Алимова. Зейнегүл Нығызбайқызының ұжымдас әріптесі, біз құрметтейтін білімді әрі білікті азамат Жеңіс Әліден кейіпкеріміздің бойындағы 4 қасиетті атап беруін сұрағанымызда ол:
– Бірінші кезекте Зина Нығызбайқызының (айтпақшы, құландықтар кейіпкерімізді көбінесе осылай атайды) өз қызметіне адалдығын, сосын адамгершілігін, содан соң жауапкершілікті сезінетінін, одан кейін сұлу сөзден гөрі іске бекемдігін,- айтып берді.

Поделиться ссылкой: