750 Views
Маусым айының 24 жұлдызында еліміз үшін естен кетпес оқиға орын алғаны баршамызға мәлім. Дәл осы күні Арыс қаласының маңында орналасқан әскери бөлімде оқ-дәрі сақтаулы тұрған қойма жарылып, тұрғындарды шошытқан еді. Қайғылы оқиға салдарынан көптеген арыстық тұрғындар жарақат алып, өмірмен қоштасқан жандар да болды. Ауыр жағдайды сезінген әрбір қазақстандық Арыстағы ағайынға қол ұшын созуға даяр бүгінде. Тіпті, қазіргі таңда «Арыс.Біз біргеміз!» атауымен ауқымды акция бастау алып, тұрғындарға көмек көрсетілуде.
Арыста орын алған жағдай қала тұрғындарына ғана емес, еліміздің өзге азаматтарына да өз кесірін тигізді. Дәлірек айтар болсақ, бүгінде Арыс қаласында орналасқан темір жол бекетінің жұмысы мүлдем тоқтап тұр. Осының салдарынан алыс жолға шыққан жолаушылар Арыс, Шымкент, Сарыағаш, Тараз қалаларына жете алмай әбігерге түсуде. Төтенше жағдайға байланысты темір жол бағыты өзгеріп, кейбір пойыздар Түркістан облысын айналып, Қарағанды арқылы біздің ауданға келуде. Сондай көліктердің бірі — Мәскеу-Бішкек бағытындағы жүрдек пойызы. Аталмыш көлік құралы Ресейден Ақтөбе арқылы кіріп, Қызылорда облысындағы Сексеуіл бекетінен Жезқазғанға мәжбүрлі түрде бұрылған. Қарағанды, Сарышаған, Шу секілді станцияларды басып келген жүрдек көлік сейсенбінің түнінде Луговой станциясына аялдады. Көліктегі жолаушыларды аудан әкімі Ерболат Садырқұлов бастаған топ арнайы күтіп алып, қонақжайлығын көрсетті. Айта кету керек, Ресейден Қырғызстанға бағыт алған пойызда Тәжікстан мемлекетінің азаматтары да бар.
Жолдан шаршаған жолаушыларға вокзал ішінен жайлы орындар дайындалып, дастархан жайылды. Салқын сусындар ұсынылды. Сонымен қатар, қысымы көтіріліп, басы ауырған жандарға орталық аурухана қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Одан бөлек Луговой вокзалының қызметкерлері билет құнын ажыратып, жолаушылардың әрқайсына тиісті қаражаттарын қайтарып берді. Темір жол көлігіндегі Ақтөбеден Тараз қаласындағы «Інжу» жаздық лагеріне келе жатқан он бес бүлдіршін мен екі жетекшісіне арнайы тегін көлік ұйымдастырылып, аудандық жол потрульдік полициясының бақылауымен Тараз қаласына жеткізілді.
Шара барысында тұрарлықтардың қонақжайлығына дән риза болысқан жолаушылар өз алғыстарын жаудырып жатты. Солардың бірі – Жанар Оралбай. «Мен Ақтөбеден Шымкент қаласына жол тартқан жолаушылардың бірімін. Шыны керек жолда Арыс қаласында орын алған жағдайды естіп, абдырап қалдық. Мұндай сұмдық жағдай елімізде енді қайталанбаса екен. Сапар барысында пойыз басшылары бар жағдайды түсіндіріп, жолдың бағыты өзгеретінін жеткізді. Бәріміз оған түсіністікпен қарап, сабырлық сақтауды жөн көрдік. Бүгін міне аман-есен өздеріңіздің аудандарыңызға келіп тоқтадық. Жол бойы төрт баламмен «Шымкентке енді қалай жетемін?» деп уайымдап келе жатқанмын. Өздеріңіз көріп отырғандай оның бәрі артта қалды. Аудан басшыларының бізге арнайы жасаған барлық мүмкіндіктері үшін жолаушылардың атынан үлкен алғысымды айтамын» — деп көкейіндегі ойымен бөлісті.
Осылайша жолда қалған жандарға жәрдем көрсетіліп, жолаушылар Тараз, Шымкент, Сарыағаш қалаларына тұрарлықтар дайындаған арнайы көлікпен сапарларын жалғастырды.
Р.S. Арыста орын алған жағдай қайсымызға болмасын ауыр тиюде. Осы апаттың салдарынан әр түрлі жағдайға кезіккен жандарға қол ұшын созу әрбір қазақстандықтың міндеті деп білеміз. Сондықтан қолдан келгенше көмек беріп, қолдау білдіргеніміз абзал. Ендеше, сіз бен біз болып, жақсылық жасаудан жарысайық, ағайын!
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Поделиться ссылкой: