675 Views
Аудандық жастар ресурстық орталығының тізгінін Айбек Сәрсенханұлы ұстағалы талай ілкімді іс шаралар ұйымдастырылып жүр. Бір сөзбен айтқанда жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп, бірқатар бастамалар өз мәресіне жеткізілді. Әсіресе, Елбасы айқындап кеткен «Жастар жылында» атқарылған істер ауыз толтырып айтарлықтай. Бұл – Айбек бастаған бірлігі бекем ұжымның ортақ жеңісі.
Орталық мамандары жуырда тағы да талайдың таңдайын қақтырар іс-шараға ұйытқы болды. Дәлірек айтар болсақ, олар Халықаралық жастар күніне және «Жастар жылына» орай, аудан орталығында «Qulan jastar fest» шарасын ауқымды түрде өткізді.
Аудан орталығындағы ауқымды шара ұлттық ойындарды ұлықтаудан басталды. Аудан тұрғындары жас айырмашылығына қарай топқа бөлініп, асық атудан сынға түсті. Нәтижесінде кіл мықтылар анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ұлттық ойындардан кейін, кештің салтанантты кезеңі бастау алып, оны облысқа белгілі шоумен – Әділет Санатұлы жүргізіп отырды. Шара барысында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сөз сөйлеп, бүгінгі жастарға үлкен сенім артылып отырғанын жеткізді. « Жастар — қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері болып саналады. Өйткені, олар мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастыратын азаматтар. Олар қай елде болмасын асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы. Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Сондықтан бір жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген. Бүгін — Халықаралық жастар күні. Осы айтулы мерекені пайдалана отырып, Жастар ресурстық орталығының басшысы Айбек Сәрсенханұлына жеке ғимараттың кілтін табыстауға рұхсат етіңіздер» — деп, талай жылдар бойы шешілмей келе жатқан жастар мәселесінің біріне нүкте қойды.
Құлан жастарына арналған керемет кеште ән өнерінің жұлдыздары Думан Жан мен «Әдемі-ай» дуэті өз өнерлерін көрсетіп, жиылған жұртқа әуезді әуендерін арнады. Сонымен қатар, тұрғындар аудан мақтаныштарына айналған «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің де өнерін тамашалай алды. Айта кету керек, кеш барысында жергілікті өнерпаздар да сахна төрінде өнер көрсетіп, жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Поделиться ссылкой: