Құрманбекова Құланға келді
Сәрсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова жұмыс сапарымен ауданға келді. Әуелі Жалпақсаз ауылында жаңадан салынған 48 орындық бастауыш мектептің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап, мектеп меңгерушісі Гүлзина Сатылғанованы сұрақтың астына алды. Төрт оқу кабинетінен тұратын мектепте биыл даярлық тобын қосқанда 53 оқушы оқиды. Заманауи үлгіде салынған мектептің іші-сыртын түгел аралап көріп, аудан әкімі аппаратының басшысы Әлібек Терлікбаев пен аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыровқа қабылдау актісін кешіктірмеу керектігін ескертті. «Енді бір он бес күнде оқу жылы басталады. Мектеп құрылысы толықтай дайын екен. Меніңше, мектепті осы бастан қабылдап, оқу жылына дайындықты жасау керек» деген Сұлушаш Сәтбекқызы келесі кезекте округ орталығы Каменка ауылында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепке барды. Күрделі жөндеуді қажет ететін мектепке көрші Жалпақсаз, Тасшолақ ауылдарының жоғары сынып оқушылары тасмалданып оқытылады.
– Мектеп 1968 жылы салынған, бірақ пайдалануға 1970 жылы берілді,- дейді мектеп директоры Мұратжан Мейманханов. – Міне, көріп тұрғаныңыздай ғимарат тозып тұр. Мына тұрған терезелерге 50 жылдан асты, жылу ұстамайды. Басқа мектептер оқушыларды қыс айларында шатырдағы мұздан қорғаса, біз жыл он екі ай терезелер құлап кете ме деп қауіптенеміз. Жел тұрса қимылдап, зәремізді алады. Негізі, мектеп 2003 жылы күрделі жөндеуден өткен. Енді айтар атқа солай, әйтпесе шатыры мен терезелері ауысқан жоқ, — деп әңгіменің ашығына көшкен мектеп басшысы соңғы жеті жылдың көлемінде осымен екінші мәрте күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжат дайындалғанын жеткізді. Бұл жөнінде білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров жағымды жаңалығымен бөлісті. Сөзіне сенсек, қазіргі таңда күрделі жөндеу жүргізілуі тиіс 8 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын. Соның ішінде осы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп бірінші кезекте жөндеуден өтеді. Білім ордасының жай-күйіне қаныққан облыс әкімінің орынбасары мектепке көрші ауылдардан қатынап оқитын оқушыларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Расында қоғамдық көліктердің сапасы сын көтермейтін болып шықты. Жиырма жылдан асып, отыз жылға таяған ескі автобустар шау тартқан шалдардың кейпін көз алдыңызға әкеледі.
Қарап отырсақ, аудандағы ең көп бала тасымалданатын мектеп Бауыржан Момышұлы екен. Мұнда биыл 132 оқушы көрші ауылдардан келеді. Оларды жеке кәсіпкер Қанат Мырзабаевтың иелігіндегі 4 қоғамдық көлік тасымалдайды. Ауыл әкімдігі ол үшін жылына 6,5 миллион теңге қаржы төлейді. Сұлушаш Сәтбекқызы ескі көліктердің сықпытынан шошып, сынға алды. «Таксиге мінсең де дені дұрысын таңдайсың ғой. Бұл жерде бала тағдыры тұр. Сондықтан тапсырыс беруші ретінде көліктің техникалық ерекшеліктеріне көңіл аударуың керек» деп ауыл әкімі Ораз Тәнкеевке жаңа көлік қарастыруды тапсырды.
«Нұр Отан» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарын қабылдаған облыс әкімінің орынбасары алдына келген әр азаматтың жағдайына жіті көңіл бөліп, тұрғындар көтерген түйткілдердің түйінін тарқату жолдарын қарастырды. Сегіз баланың әкесі, Абай ауылының тұрғыны Нұрлан Әбілдаев екінші топтағы мүгедек баласының мүгедектігі бойынша алатын жәрдемақысы кіріске есептеліп, атаулы әлеуметтік көмек ала алмай отырғанын, атаулы әлеуметтік көмек алуға ықпал етуін өтінсе, Құлан ауылының тұрғыны Ардақ Кенжеева атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізудің жолдарын сұрады. Құлан, Луговой, Каменка ауылдарынан келген өзге тұрғындар да Сұлушаш Құрманбекованың қабылдауында болып, жұмысқа тұра алмай жүргендерін жеткізді. Аталған мәселелерді заң шеңберінде шешуге тиісті сала мамандарына табыстаған өңір басшысының орынбасары тұрғындардың өтінішін назарда ұстап отыру үшін қойын дәптеріне түртіп алды.
Аудандық мәдениет үйінде орналасқан орталықтандырылған кітапханадағы «Coworking» орталығымен танысқан Сұлушаш Сәтбекқызы қорытынды кездесуін мәдениет үйіндегі «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа қабылданған жас мамандармен және аудан жастарымен өткізді. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде әр салада жүрген аудан жастары өз ой пікірлерімен бөлісіп, бірқатар ұсыныстарын алдыға тартты.
Мереке Ержанұлы.