«Басты міндет – көтерілген мәселелерді дер кезінде шешу» — деді аудан басшысы Ақбұлақ жұртымен кездесуінде
«Ақбұлақ ауылдық округінің ахуалы қандай? Елдімекен тұрғындарының тұрмыс-сапасы қай деңгейде? Округке қарасты ауылдарға инфрақұрылым жүргізудің тиімді жолдары бар ма? Әлеуметтік нысандардың халыққа қызмет көрсету сапасы қандай?» деген сан түрлі сауалдарды басшылыққа алған аудан басшысы апта басында жұмыс алгоритмі бойынша Ақбұлақ ауылдық округіне арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Ондағы басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын тиянақты түрде орындау болса, екіншіден ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, көтерген әрбір мәселесіне құлақ түру болатын.
Ақбұлақ ауылдық округі құрамына төрт елдімекен кіреді. Олар: Бәйтелі, Қызылшаруа, Разъезд-98 және округ орталығы болып саналатын Р.Сәбденов ауылы. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов осы ауылдардың ішінде ең бірінші Бәйтелі елдімекеніне ат басын бұрып, ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Аудан басшысы бас сұққан алғашқы нысан – Бәйтелі бастауыш мектебі. Білім ошағында балаларға жасалған жағдаймен танысқан аудан әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі жолды ретке келтіру, жарықтандыру мәселелеріне мықтап көңіл бөлу керектігін айтып, хаттамаға енгізді. Келесі нысан ауыл тұрғындарының бойына рухани байлық сыйлайтын ауыл кітапханасы болды. Аталмыш нысанда кітап қоры көп болғанымен аудан басшысы кітапхана аумағында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейтіндігін қатты сынға алды. Сонымен қатар, кітапхана еденінің тозығы жеткеніне көз жеткізіп, жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаражатты нақтылауды тапсырды. Аудан әкімі ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункте де болып, онда науқастарға жасалған жағдайды бағамдап, тұрғындарға тегін дәрі-дәрмектің берілуін пысықтады. Дәл осындай талаптардың орындалуы Қызылшаруа ауылында орналасқан медпункт қызметкерлерінен де сұралды.
Жалпы Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмінің кестесі бойынша әрбір ауылдық округті аралап жүрген аудан әкімі қай жерге барса да, осы дәрі-дәрмектердің халыққа берілуін қадағалап, ол бойынша атқарылған жұмыстарды нақтылап жүреді. Оның бірден-бір себебі, халыққа аталмыш жұмыстардың кеңінен насихатталмауы. Бюджеттік қаражат есебінен алынатын тегін дәрі-дәрмектерді пневмония, тыныс демікпесі бар, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан, асқазанда және ішекте ойық жарасы барлар, онкологиялық, қатерлі ісік, психикалық, бүйрек, эндокриндік, аллергиялық және тағы басқа да ауру түрлерімен ауыратын науқастар ала алады. Аталмыш дәрілердің ең төменгі бағасы 120 теңгеден басталса, қымбаты 600 000 теңгеге дейін барады.
Аудан әкімі ауылдық медпунктерге келгенде ақ халатты абзал жандардан міндетті түрде осы бағытта атқарылған жұмыстарды сұрайды. «Тегін берілетін дәрі-дәрмектерге мемлекеттің қыруар қаражаты жұмсалады. Оны біреу білсе, біреулер біле бермейді. Сондықтан осы көмек түрін қарапайым ауыл тұрғындарына насихаттау жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу қажет. Ол үшін дәрілердің тізімі мен оған қатысты нұсқаулықтар әрбір ауылдағы емдеу мекемелерінде ілініп тұруы қажет. Одан бөлек оның мейілінше қарапайым, халыққа түсінікті болғаны абзал. Қай ауылға барсам да, осы мәселе алдымнан шығып отырады. Сол себепті де, аталмыш жұмыстармен мықтап айналысу қажет» — деген аудан әкімі денсаулық сақтау қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берді.
Қызылшаруа ауылында ауыз суға қатысты мәселе толықтай шешімін тапқан. Одан бөлек тұрғындар былтырдан бері көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Оған аудан басшысы ауыл көшелері мен бірқатар мекемелерді аралау кезінде көз жеткізді. Мұндағы мәселелердің бірі – білім ошағына газ құбырын тарту керек. Аталмыш мәліметті аудан әкіміне аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров мәлім етті. Мәселе ұзақ талқыға салынып, хаттамаға енгізілді. Ізінен Ерболат Салқынбекұлы мектеп ұстаздары және оқушылармен тілдесіп, оқу процесін сөз етіп, пікір алмасты. Онда жаңа оқу жылындағы жағымды жаңалықтар, ұстаздар жалақысының көтерілуі, «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында сөз қозғалып, оқушылар мен ұстаздардың ой-пікірлері тыңдалды.
Іссапарды сәтті пайдаланған Ерболат Садырқұлов кәсібінен нәсібін тауып отырған ауыл кәсіпкерлерімен де жүздесті. Атап айтқанда, Қызылшаруа ауылының тұрғыны, пластиктен есік-терезе даярлау ісінің шебері Шыңғыс Құрақбаевтың шеберханасында болып, кәсіпкердің жұмысына жоғары баға берді. Екеуара сөйлесу барысында қолданылатын материалдың сапасы, өнімге деген сұраныстың жайы талқыланды. Одан кейін аудан басшысы Р.Сәбденов ауылының тұрғыны Меруерт Оразымбетованың ауласында орналасқан жылыжайдың жұмысымен де танысты.
Төрт баланың анасы атанған Меруерт Оразымбетова бүгінде қол қусырып қарап отырған жоқ. Керісінше алақандай ғана ауласын кәдеге жаратып, жолдасы екеуі жылыжай салып, онда қияр өсіріп отырған жайы бар. Былтыр ғана бастаған кәсібі көл-көсір табысқа кенелтіп отыр. Келешекте кәсібін кеңейтіп, ауласының бір бөлігіне қызанақ өсіру ойында бар. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзін мысал ретінде келтірген аудан әкімі Меруерттей жандарға қолдау көрсету керектігін жеткізіп, бөлім басшыларына оның жолын қарастыруды тапсырды.
Кәсіпкерлердің ісіне сәттілік тілеген Ерболат Салқынбекұлы ауылдағы Қаламқас Қорымбаева жетекшілік ететін «Бәйшешек» бөбекжай-балабақшасын, Ақбұлақ орта мектебін, өзінің жеке лабораториясы бар емдеу мекемесін және ауылдағы мәдениет үйін аралап, жұмыстарымен танысты. Мекемелерде анықталған кемшін кеткен тұстарға ескерту айтып, назарға алды.
Аудан әкімінің іссапары ауылдық мәдениет үйінде өткен халықпен жүздесу жиналысына ұласты. Жиын барысында алғаш болып сөз алған ауыл әкімі С.Атабаев округ аумағында атқарылған жұмыстарды баяндады. Атап айтқанда, салық түсімі, ауылшаруашылығы, техникалардың жаңартылуы, бюджет қаржысының игерілуі, жұмыспен қамту, тұрғындарға кәсіптік білім беру, жарықтандыру, жер телімдерін үлестіру, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында атқарылған барлық жұмыстарды қысқаша мәлімдеп берді. Одан соң, мінберге аудан әкімдігіне қарасты бірнеше бөлімдер ауыл аумағында алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстар бойынша баяндамалар жасады.
Жиында ауыл тұрғындарына да сөз берілді. Еркін форматта өткен кездесуде ауыл халқы кезек-кезек өздерін толғандыратын мәселелерді көтерді. Көтерілген мәселелер қатарында ауыл көшелеріне жол салу және жарықтандыру, қараусыз қалған саябақты ардагерлер аллеясына айналдыру, жайылым, Қызыл шаруа ауылы мен мектеп арасындағы мемлекеттік автожолға белгілер қою, Р.Сәбденов ауылындағы Аққайнар көшесіне газ құбырын жеткізу, мектеп оқулықтарының жетіспеуі жайында сөз қозғалды.Аталған мәселелерді мұхият тыңдап, назарға алған аудан басшысы жиын соңына қарай: «Басты міндет — көтерілген мәселелерді дер кезінде шешу. Оларды ертеңге немесе келер жылдың еншісіне қалдыру қисынсыз. Бұл бойынша жұмыс атқару тиісті мекемелер мен жауапты бөлімдерге тапсырылады. Тұрғындармен тығыз байланыста болып, бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Сонда ғана нақты нәтижелерге қол жеткіземіз» — деп, жиынды қорытындылады.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.