Арманы асқақ азамат

1 101 Views

Аты әлемге мәшһүр италиялық композитор Джузеппе Вердидің өмірі мен шығармашылығы мені қатты қызықтырады. Верди туралы еліміздегі басылымдарда мақалалар жарияланса, он жерден шұғыл шаруа шығып тұрса да кейінге шегеріп, соны оқуға тырысамын. Қай жылы екені және сөзбе-сөз есімде жоқ. Бірде мынадай дерек оқығаным бар атақты композитор жайлы. Ең алғаш Милан қаласындағы консерваторияға оқуға түсуге келген Джузеппені сондағы оқытушылар қабылдамай қойған деседі. Әрине, олардың ойында қызғаныш сезімі болмаған шығар. Десе де, оқытушылардың ең үлкен қателігі — талантты тани алмағандығы. Жастайынан қайсар мінезді болып өскен Верди кейіннен консерватория ұстаздарына ғана емес, бүкіл әлемге өзін талантты композитор ретінде мойындатады. Мына сәйкестікке қараңызшы. Бүгінде сол Верди оқуға түсе алмаған консерватория ордасы Джузеппенің тегімен аталады екен. Шын таланттың тегеуріні шынтуайтында осындай болса керек. «Бұны неліктен жазды екен?» дегіңіз келетін болар алдияр оқырман! Себебін айтайық.
Мен жақында тілдер мерекесіне орай өткен кезекті бір іс-шараға қатысқан едім. Сонда Денис Гордеев есімді жас жігіт өнер көрсетті. Виктор Цойдың «Кукушка» атты өлеңін орындады. Өте ауыр шығарма. Зерделеп қарасаңыз, Цойдың өлеңдерінің тақырыбы тым ауыр болып келеді. Оған кез келген әншінің шеберлігі жетіп тұрса да, орындауға батылы бара бермейді. Денистің бұл қадамға барып, әнді орындағаны маған қатты ұнады. Бұл – бір. Екіншіден, Денистің өзге ұлт өкілі бола тұра, өз Ана тілінде сөйлей алмайтын кейбір отандастарымыз секілді емес, қазақша емін-еркін сөйлей алатындығы тәнті етті. Сосын қасымда отырған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бізден 2 курс жоғары оқыған аға-дос Ринат Сартаевтан Денистің ұялы телефон нөмірін сұрадым. Шыны керек, сол мезетте: «Денис секілді талантты студенттер неге тасада қалып қояды осы? Ол қалайша газетке жазылмай жүр? деген сансыз сұрақтардың жетегінде тұрған едім. Ринат та кәсіби журналист қой, бірден түсінді-ау деймін. Іс-шара аяқталған соң Денисті ертіп келіп, менімен таныстырды. Сосын Денис екеуміз әңгімелесе келе түстен кейін жолығысатын болып уағдаластық.
Айтқан уақытында келді Денис. Жас болса да, уақыттың қадірін біледі екен. Сұхбаттастық. Сөзін тыңдадым кейіпкерімнің. 18 жастағы жігіттің сұраққа жауап ретінде айтқан пайымды пікірлерін естісеңіз шіркін…
Денис айтады: Мені тұрғындардың көбісі орыс ұлтының өкілі деп ойлайды. Бірақ мен өзімді нағыз қазақпын деп санаймын. Анам Мариямкүл қазақ ұлтының қызы. Иә, әкем орыс халқының өкілі болды. Бірақ өзге ұлт болса да, мұсылман дінін қабылдаған кісі. Есіңізде ме, даңқ­ты боксшымыз Геннадий Головкиннің бүй деп айтқаны. Қазақстанның Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатыс­қан сол бір алқалы жиында ол:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, адамдар менен тегімді сұраған кезде: «Әкем — орыс, анам — кәріс, ал, Мен – қазақпын» деп жауап беремін»,-деген еді ғой. Гена ағам секілді мен де өзімді қазақпын деп сезінемін және осы сөзді айтудан еш қымсынбаймын.
Ал өнер турасында сөз қозғағанымызда сөз басында жазып өткен Джузеппе Вердидің өмірімен Денистің де өмірі ұқсас екенін іштей сездім өз басым. Иә, Денис қазір Құлан агротехникалық колледжінің агрономия мамандығында оқиды. Музыкадан кәсіби білім де алмаған. Бірақ оның жүрегі әрқашан ән деп соғады. Осы арада «Манадан бері тігісін келтіріп мақтап отырғандағысы осы ма? Бұл бала агрономияда оқыса, қайдан дарын болсын» деуіңіз мүмкін. Оның себебі бар, құрметті оқырман. Әйтпесе, Денистің шын талант екеніне ешбір шүбә келтіре алмаймын. Оның Құрманғазы атындағы консерватория да немесе Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадалық цирк колледжінде оқуға шама-шарқы жетеді. Бірақ Денис Тәңір берген талантын тәрік етіп, аталмыш колледжге оқуға түсті. Неге десек?
Денистің айтқаны: Кеңес өкіметі кезінде Амангелді Сембин есімді атақты опера жұлдызы болған. Әңгіме арасында өзіңіз де Джузеппе Вердиді мысал еттіңіз ғой. Шын талантың болмаса, анау-мынауға мойын бұра бермейтін италиялықтарды тамсандырған санаулы әншінің бірі Амангелді ағамыз. Бірақ болмысы қазақ деп соққан әнші ағамыз бар жиған-терген атақ-даңқын шетке ысырып қойып, ауылға аттанады. Себебі, ауылдағы ақ жаулықты Анасының денсаулығы сыр беріп, жалғыз қалған еді. Ол кісіге заманында кейігендер көп болған. Тәңір берген талантыңа балта шаптың деп. Соның ешбіріне құлақ аспай, Анасын жалғыз қалдырған жоқ Амангелді Сембин. Қара шаңырақтың отын сөндірмеді. Анасын бағып, перзенттік па­рызын орындады. Марат аға, мен де дәл осын­дай жағдайды өз басымнан өткерудемін. Әкем қайтты. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, анам инсульт алып, денсаулығы нашарлады. Ағаларым отбасылы болды. Үйдің кенжесі өзім болғандықтан сіз айтқан оқу ордаларына оқуға түсуге мүмкіндік болмады. Оның басты себебі – Анам әрине. Мені дүниеге әкелген асыл анашымның денсаулығы мен өмірі — мен үшін барлық нәрседен қымбат.
18 жаста айтар ойын жинақтап, осылай ірі сөз сөйлеу екінің бірінің қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Ал өнер жағын жаза­тын болсақ, Денисте көптеген мадақ-марапат­таулар бар. Мәселен, аудандық деңгейде өт­кізілетін байқауларда Денистің даралығы өз­геше көзге көрініп тұрады. «Ауғанның от жа­лыны» атты аудандық әскери-патриоттық бай­қауында қазылар алқасы осы жағын ескер­ген болу керек, Денис Гордеевті жеңімпаз деп таныған. Облыстық деңгейде Денис «Атасы асыл сөздің – ақын Абай» атты тақырыпта өткізілген XII колледжаралық Абай оқулары байқауына қатысып, «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша жүлделі III орын иеленген. Қысқасы, тізе берсек, осылай жалғасып кете береді. Жалпы, Денис жеңіп алған болмаса жүлдегер атанған марапаттарын жұртшылыққа жария ете бергісі келмейді. Тегінде бұны өз басым жақсы қасиетке балаймын. Әңгіме соңында Дениске «Арманың қандай?» деп сұрақ қойғанымда, оның жауабы төмендегідей болды.
«Марат аға, менің басты арманым – Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде жеке шығармашылық ән кешімді өткізіп, сонда анама ықылас гүл шоғын сыйласам деймін. Әзірге бұл арман болып тұр әрине. Дегенмен, осы ойымды жүзеге асырмай қоймаймын. Сол үшін де еңбектене бермекпін». Денистің қорытынды сөзі көзге жас үйірілтті. Үнсіз отырдық біраз. Сосын көңілге жұбаныш сыйлар ән орындап беруін сұрап едім, хакім Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңін ырғап берді.

Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді-ау іштегі,
Ғашықтың жарасы.
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір,
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде,
Қалқаға сөз дайын.

Бетті дайындаған Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: