Этнобірлестік орталықтарын аралап қайтты

983 Views

Қазақстан – көп ұлтты мемле­кет. Оны еліміздегі 130-дан астам ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанынан анық аңғаруға болады. Бүгінде олар бір шаңырақ астында ынтымағы жарасып, бей­біт өмір сүруде. Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің өзіне тән салт-дәс­түрі мен мәдениеті, әдеп-ғұрпы бар. Олардың түрі, діні мен тілі бас­қа болса да, тілегі ортақ. Ол ең әуелі – бірлік, екіншіден – достық, үшінші­ден — татулық.
Қазақстан халықтарының тату­лығына тереңірек көз жүгірту үшін жуырда №2 шағын орталықты орта мектебінің 8-сынып оқушы­лары аудан орталығында орналасқан этнобірлестік орталықтарына сая­хат жасап қайтты. Аталмыш іс-шара мектептің тәрбие жұмысының жоспарына сай және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақа­ла­сын жүзеге асыру мақсатында ұйым­дастырылған болатын. Мектеп оқу­шылары ауданымызда тұрып жатқан этнос өкілдерінің мәде­ние­ті мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын салт-дәстүрлерімен жақын танысты. Сонымен қатар, шара барысында мектеп мұғалімі Гүлжан Сүлейменова өзге ұлт өкілдері жайында тың ақпараттармен бөлісті.
Қарақат елді мекені өзге ұлт өкілдеріне пана бола алған ауылдардың бірі. Атап айтар болсақ, ауылымыз­да бізбен иық тіресіп, бейбіт өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдері­нің қатарына Анна және Наташа апаларымызды қосуға болады. Қос бір­дей апаларымыз украин ұлтынан бол­са да, олар қазақ ұлтының салт-дәстүрін же­тік меңгерген. Тіпті, тәрбиелеп отыр­ған ұл-қыздарына, немере-шөбереле­рінің бойына сіңіре білген ауылы­мызға қадірлі аналар. Аты аталған әжелермен де мектеп оқушылары жиі жүздесіп тұрады.
Бірлікке бет бұру, татулыққа ұмтылу әр халықтың қанында бар, әсіресе ол қазақстандықтарда ерекше дамыған. Сонау қиың кезеңдерде тағдырдың жазуымен елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінің тарихы мен салт-дәстүрін білуі ешкімге артықшылық етпес. Бұл бастама Қазақстан жерінде бейбітшілікті сақтауға өз септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Алмаз Қонқышев,
№2 шағын орталықты орта мектептің 10-сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: