1 025 Views
Аудан орталығынан шалғай жатқан Жарлысу ауылында есімі елімізге белгілі көптеген танымал тұлғалар дүниеге келген. Атап айтар болсақ, былтыр ғана Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып, жазиралы Жамбыл өңірінің мақтанышына айналып отырған белгілі меценат Сайрамбай Дөненбаев, 2000 жылдары теледидардан көрсетілген «Ұят болмасын» ойын-сауық бағдарламасының жарық жұлдызы, бүгінде Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының беделді актері Жалғас Толғанбай және айтыс өнерінде тыңнан түрен салып, өзінің даралығымен көзге түсіп жүрген Айтбек Тұрсынбай сынды білікті де талантты азаматтар осы ауылдың төл перзенттері болып есептеледі. Аты аталған азаматтардың қатарына жанға жайлы Жарлысуда білім алған ақын Жанат Тілеуқұлқызын да қоссақ болады.
Жанат Тілеуқұлқызы Құлан ауылында дүниеге келгенімен, оның балдай тәтті балалық шағы Жарлысуда өткен. Сонда алғаш әліпби танып, ұлағатты ұстаз Бәди апайдың тәлімін алған. Поэзия әлеміне кештеу келсе де:
— Мән бермей келген ойларым,
Сыздата бердің санамды.
Сезімім, шіркін қоймадың,
Алдырдың қолға қаламды, -деп жырлаған ақын Жанаттың «Жарлысуға сапар», «Отанды сүю», Әйел-ана» секілді өлеңдері зиялы қауым тарапынан жоғары бағаланып, жамбылдық жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болып келеді.
Жуырда Жарлысу ауылындағы Айтқұл Шынасілов атындағы шағын орталықты орта мектептің акт залында «Қыл қаламның құдіретін түсінген» деген тақырыпта ақын Жанат Тілеуқұлқызымен кездесу кеші өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында өрбіген аталмыш кешті Жарлысу ауылдық кітапханасының кітапханашысы Алтынкүл Рысбекова ұйымдастырды.
«Түсінгің келсе жырды сен,
Сапар шек жырдың еліне.
Түсінгің келсе ақынды,
Сапар шек ақын еліне» деп неміс ақыны Гете жырлағандай, мазмұнды кеш барысында жарлысулық жұртшылық Жанат ақынның жалынды жырларына қанықты. Бенефис-шоу форматында өрілген кездесу кеші тосын сыйларға да толы болды. Жанат Тілеуқұлқызының 50 жыл көріспеген сыныптас құрбысы Фазихан әпкеміз ортаға шыққанда ақын қуанышында шек болған жоқ. 1 сағатқа созылған эстетикалық-шығармашылық кеште Сәния Тұрсынбай «Өлең — өткелім», Ақбота Жұмабек «Өлеңім», Асылай Қалау «Қазақ», Гүлзира Шәбден «Отанды сүю», Меруерт Тұрсынбай «Мектебім», Мейіржан Алахан «Жастық дәурен», Мөлдір Торғауытова «Әйел-ана», Ақбота Есіркеп «Жарлысуға сапар» сынды ақын Жанаттың өлеңдерін жатқа оқып, залға жиналған көрермендердің қошеметіне бөленді. Кеш соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұрсұлу Топатаева мен Айтқұл Шынасілов атындағы шағын орталықты орта мектептің директоры Дархан Бұламбаев сөз сөйлеп, ақын шығармашылығына қуатты өріс тіледі. Кеш соңында Жанат Тілеуқұлқызы сиясы кеппеген жыр-жолдарын оқып, ұстазы Бәди апаймен осы кездесуді ұйымдастырған Алтынкүл Рысбекованың иығына қазақы оюмен әдіптелген камзол жапты.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: