Халық үніне құлақ асты

498 Views

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.
Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген еді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – Жолдау жүктеген міндеттердің бірі. Осыған орай өткен бейсенбіде республика бойынша «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» өтті. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та өз орынбасарларымен бірге аудан әкімдігінде азаматтарды қабылдады. Аудан басшысы аудан тізгінін ұстаған күннен халықпен тығыз байланыс орнатып, елмен етене еңбек етіп келеді. Күнделікті жұмыс барысында көз көріп жүрген дүниеге күні кеше тағы бір мәрте көз жетті. Қабылдауға келгендердің денін аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы бұған дейін де бірнеше мәрте қабылдаған екен. Олардың көпшілігі шешімін тапса, кейбір мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілген болып шықты. Бұл жолы да аудан басшысы қабылдауға жазылған 18 тұрғынның талап-тілектерін мұқият тыңдап, зер салды. Солардың ішінде атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналастыру мен газ кіргізу мәселесімен қайырылғандардың қарасы көп болды. Қысқы маусымға байланысты көмір алуға және күнделікті азық-түлігіне қаржылай көмек сұрағандар да кездесті. Аталған мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген аудан әкімі заңға сәйкес шешілу жолдарын атап өтті. Орынбасарлары Ерлан Қалыбаев, Бейсен Әлпейісов, Руслан Оразхан мен тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеп, орындалу мерзімін белгілеп берді.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: