Шоқ тілді Шона
42 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Философия ғылымында «Мына өмірге келу, келген соң өмірдің заңдылықтарын қабылдау, содан соң, өмірдің заңына бағыну, одан кейін ең бастысы, өзіңнің заңыңды өмірге өткізу» деген бар екен.Аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Алимов Мухамбет Әлімұлының еңбек жолы, тұлғалық болмыс-бітімі, сөйлеген сүбелі сөздері осы даналық дәйегімен қабысып жатқандай көрінеді маған.
Кейіпкеріміз желтоқсан айының 13-і жұлдызы күні асқаралы 63 жасқа толады.Ол осы жасқа келгенше бел жазбай еңбек етті. Мухамбет Әлімұлы сонау 1978 жылы Құлан агротехникалық колледжін бітірген сәттен бастап, күні бүгінге дейін жұмыстан қол үзген емес. Яғни, кейіпкеріміздің бойындағы алғырлық, жұмысқа деген адалдық, еңбекқорлық сынды қасиеттерін бағалауға болады. Мухамбет Алимов ең алғашқы еңбек жолын «Восток» колхозында малдәрігер болып бастаған. 1988 жылға дейін ол осы колхзозда 10 жыл қызмет етті. Сондай-ақ, 1988-1991 жылдары аудандық ветеринария бөлімі Қарақыстақ учаскесінің меңгерушісі, қызметін атқарды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Нұртай» шаруа қожалығының жетекшісі болды. 2012 жылы аудандық аумақтық инспекциясының инспекторы, ал бүгінде аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді. Мухамбет көкеміздің құдай қосқан зайыбы Айымкүл әпкемізбен отау құрғандарына биыл 37 жыл болыпты. Олардың ұл-қыздары Шәкәрім Құдайбердіұлының «Айнаға қарап түзелме, адамға қарап түзел» деген сөзінен қуат алып, ата-аналарының тәрбиесімен өсіп жетілді. Үлкен ұлы Ертай Алматы қаласы, Алатау аудандық әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болса, екінші ұлы Нұрғазы кезінде әкесі құрған жеке шаруашылық қожалығын алға жетелеп, кәсібін өрге дөңгелетіп отырған азамат. Қызы Әйгерім де балалар бақшасында еңбек етіп, ұлт тәрбиесіне қомақты үлес қосып жүр.
Мухамбет көкем аудандық газеттің тұрақты оқырмандарының бірі. Газетті, кітапты көп оқыған адамның сөйлеген сөзі көкейге қонымды болады. Кейіпкеріміздің маған айтқан мына сөзі жадымда қалып қойды. «Құстың мойны бос, жылқының белі бос, адамның көңілі бос. Неге? Өйткені, құс қанша ұшса да қанаты емес, мойны талады, жылқы қанша шапса да аяғы емес, белі талады, адам қанша тасжүрек болса да, көңілі босайды» деген екен ата-бабаларымыз. Мен алпыс үш жасқа келгенше жалған сөйлеп, ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Бәлкім, бұл менің бойымдағы атадан қалған жоғарыда атап өткен алғырлық, адалдық, еңбекқорлық секілді қасиеттердің біте қайнасып жатқандығынан болар» дейді Мухамбет көкем.
Құдайға тәубе ағайын-туысқа қадірлі, ұжымға сыйлы азаматсыз. Лайым осы қалпыңыздан таймай, ұл-қыздардың, немерелердің бақытына кенеліп жүре беруіңізге тілектеспіз.
Марат Жолдасбекұлы.