Кеңейтілген отырыс өтті
14 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
Бөркімізді аспанға лақтыра отырып «Тәуелсіз елдің ұланымыз» деп әлемге жар салып келеміз. Иә, көкірегімізді кеңге жайып, басымызды тік көтеріп айтар сөз бұл. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды қалай күтсек, енді сол кезеңге нық қадаммен аяқ басқанымызға ширек ғасырдан астам уақыт болды. Осы аралықта бейбітшілік заманның иісіне қанып, тату да, тәтті өмір сүрудеміз. Ата — бабамыз аңсаған бұл еркіндікке қаншама қиындықты бастан өткеріп, жеткенімізді бесіктегі балаға дейін білгені абзал. Ол үшін кешегі тарихтан сыр шертетін азаматтар мен бүгінгі өскелең ұрпақты жиі кездестіруіміз қажет. Сонда ғана кейінгі буын астындағы тағын емес, қарапайым халықтың бағын ойлаған хандар, ел мүддесін бірінші кезекке қойып, қара халық пен ел билеушісіне ақыл — кеңесін аямаған билер, кіндік қаны тамған жерін көзінің қарашығындай қорғаған батырлар жайында көп білетін болады.
Жуырда осы мақсатта өткен кездесулердің бірі — аудандық білім мекемелерінің қара шаңырағына айналған Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте ұйымдастырылды. Кездесуге Жамбыл облысы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген мен Республикалық «Қазақстан Фермерлер Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жигули Дайрабаев арнайы келіп қатысты. Мектеп директоры Шолпан Дайрабаева сөз сөйлеп, шымылдығын ашып берген жиында оқушылар Тәуелсіздік пен еркіндік жайындағы өлеңдерді жырланған шығармаларды жатқа оқыды. Сонымен қатар, «Қобыланды» жыры мен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың қара сөздері мен өлеңдерін оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кеш барысында келген қонақтар оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, түбі тереңде жатқан тарихтан сыр шертті. Мәселен, Мейрамбек Мылтықбайұлы қазақ тарихына кеңінен көз жүгіртіп, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпау керектігін, Елбасының еліміз үшін жасаған еңбектері жайында айтса, Жигули Молдахалықұлы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекетіміз бастан өткерген қиындықтар туралы сөз қозғады. Бәрін айт та, бірін айт аға буынның оқушылармен кездесу кеші өте жоғары деңгейде өтті. Себебі онда сана мен көңілге қонымды, жүректі елжіретіп, рухты көтеретін дүниелер айтылды.
Кездесу кешінің соңы мектеп оқушылары даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.