Ботулизмнің алдын алу
23 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Бір жылдық белес
Атқарылған жұмыс көп, алар асу да аз емес
Биыл Тұрар Рысқұлов ауданының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осы жылдары аудан басқарған басшылардың барлығы ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқаны анық. Оны ауданның бүгінгі бет-бейнесінен аңғаруға болады. Соңғы бір жылдың өзінде ауданда біршама жұмыстар атқарылды. Өткен жылдың шілде айында, Астана күні қарсаңында аудан тізгінін ұстаған Асқар Қырықбаевтың бастамасымен барлық салаға жан бітіп, алға жылжу байқалды.
Аудан әкімі өз жұмысын алдымен аудан тарихымен тамырлас аудандық «Құлан таңы» газетін түрлі-түсті форматқа көшіруден бастады. Елбасының саясатын, елдегі атқарылып жатқан оңды істерді халыққа жеткізуде журналистердің еңбегі ұшан-теңіз десек, аудан басшысының келген бетте басылымның заманауи үлгіде шығуына жағдай жасауы – журналистердің жүрек түкпіріндегі асыл арманына дөп тиді. Көп өтпей «Киелі өңір» атауымен аудандық газеттің қосымшасы халыққа жол тартты. Газет бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында жарық көріп келеді.
Тілшілердің тілегін айтқызбай білген басшыға жергілікті жұртшылық та үміт артып, аудан тіршілігінің түйінді түйткілдерін тарқататынына сенімді еді. Расымен де, Асқар Санатұлының іскерлігі аз уақытта көзге көрініп, аудан өмірі түрленіп сала берді. Қыруар жұмыстар бірі көзге көрініп, бірі көрінбей жалғасын тауып жатты. Аудан әкімі келесі қуанышты Құлан ауылының тұрғындарына сыйлады. Жер телімін алу үшін кезекте тұрған 2860 адамның
470-не инфрақұрылымы тартылған жер телімі берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы бұл жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Бүгінде біраз жылдан бері қаржы тапшылығы салдарынан инфрақұрылымы аяқталмай қалған «Арай» тұрғын үй алқабында жалпы сметалық құны 587365,0 мың теңгені құрайтын электр желісінің құрылысын салу
жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер «Талас Құрылыс» ЖШС-і. Тұрғын үй алқабының инфрақұрылымы аяқталған соң тағы 587 адам жер телімдерін алады. Бұған қоса 5 қабатты 80 пәтерлік 4 үй салу да жоспарға енген. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында «7-20-25» бағдарламасымен салынатын үйлер аудандағы баспанаға зәру азаматтарға берілетін болады.
Өткен жылдың соңына қарай, Тәуелсіздік күні қарсаңында қайыңдылық тұрғындар қуанышқа бөленді. Ауылға ауыз су келіп, арқа-жарқа болған халықтың төбесі көкке екі елі ғана жетпей тұрды. Негізі жобалық-сметалық құжат бойынша Қайыңды ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету 2018 жылға өтпелі болатын. Алайда, қосымша қаржы көзін тартқан Асқар Қырықбаевтың іскерлігі арқасында ауыз су ауылға ерте кірді. Бұл ретте мердігер «Аль-Аркаржан и К» ЖШС-нің тиянақты жұмысын да атап өткен жөн.
Осылайша, әрбір істің ретін тауып, жұмысты жандандырған әкімге ел үміті екі есе артты. Оны аудан басшысының ауыл-ауылды аралап, тұрғындар алдындағы есебін берген сәтінде көз көрді. Көптеген қадау-қадау мәселелерді алды
ға тартып, шешімін тауып беруін өтінген халықтың үмітін ақтауда аудан әкімі аянып қалып жатқан жоқ. Күні кеше ғана аудан тізгінін ұстағанына тұп-тура бір жыл толған әкімнің басшылығымен биыл аудандық маңызы бар 3 ірі автомобиль жолдары жөнделді. Атап айтқанда, Қорағаты мен Мамыртөбе, Каменка мен «Қарлығаш» лагері, Луго
алдывой ауылы мен әскери бөлім арасын жалғайтын күре жолдар жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, аудан орталығы Құлан ауылының 7,3 шақырымды құрайтын орталық көшесі күрделі жөндеуден өтуде. Орындалуы 2 жылға жоспарланған жұмыстың ағымдағы кезеңі маусым айында басталған еді. Нәтижесінде 3,5 шақырым жолды жөндеуден өткізген «Айя-Сервис» ЖШС-і қалған 3,8 шақырымын келесі жылы аяқтауы тиіс. Жалпы биыл 1077829,0 мың теңгеге аудан бойынша автомобиль және көше жолдарын жөндеу жоспарланып, оған аудандық бюджеттен-328801,0 мың теңге, облыстық бюджеттен -749028,0 мың теңге қаражат қарастырылған екен. Бөлінген қаражат толығымен игеріліп, автомобиль және көше жолдары жөнделсе, 2018 жылға жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 89,6% межені түйіндейді.
Жақында ғана ашылған “Агропарк Құлан” интенсивті бағының аудан тұрғындары үшін маңызы зор. Қазір «Агропарк Құланда» 50-ге жуық жұмысшы бар. Ал, 2020 жылға дейін 600 гектарға алма, 200 гектарға жаңғақ, 100 гектарға жүзім егу жоспарланып отыр. Жоспар орындалса 2000 адам жұмыспен қамтылады.
– Агропарк Құлан» интенсивті бақша алаңына шие көшетін отырғызуды біз өткен жылдың қазан айында бастаған болатынбыз. Дәл қазіргі уақытта 100 гектар алқапқа Польшадан әкелінген «Любская» тұқымды 166 мың түп шие ағашы отырғызылды. Көшетке жұмсалған қаржының жалпы жиынтық сомасы -620 млн.теңге. Бау-бақшаны салуға толық жағдай жасаған аудан әкімі Асқар Санатұлына алғысымыз шексіз,-дейді «ARNO AGRO» ЖШС-нің бас директоры Мақсат Қуанышұлы. Аудан басшысы көп өтпей тағы бір нысанды ашып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Құланда сыйымдылығы 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені ел игілігіне берілді. Ендігі жерде аудан жастары бос уақытын тиімді пайдаланып, бұқаралық-спорттық іс-шараларға белсене қатыса алады.
Міне, қызметке келген бір жылдық белесте осынша ауқымды жұмыстарды атқарған Асқар Санатұлының алдағы уақытта да халықтың қажетіне жарайтын ілкімді істері көп. Соның бірі – ауыз су. Ауданда ауыз су мәселесі Қайыңды ауылымен ғана шектеліп қалмайтыны белгілі. Тіршілік көзіне зәру ауылдардың бірі Луговой ауылы десек, қателеспейміз. Құлан ауылынан кейінгі тұрғын саны көп екінші үлкен елдімекенге тіршілік көзін тарту жұмыстары 2016 жылы басталған болатын. Ауыз су жүйесін «Асыл тау» ЖШС-і жүргізіп келеді. Жалпы сметалық құны 1190887,0 мың теңгені құрайтын нысан осы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал, құрылысы ағымдағы жылдың 16 сәуірінде басталған 48 орындық Жалпақсаз бастауыш мектебі ел игілігіне келесі жылы берілмек. Қазіргі таңда мердігер «Құрылыс ТЭД» ЖШС-і мектеп құрылысын қарқынды түрде жүргізуде.
Білім, мәдениет, медицина немесе ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, тағы басқа да салаларда атқарылған жұмыстар жеткілікті. Алдағы уақытта атқарылуы тиіс ілкімді істер де аз емес. Оның барлығын бір мақала аясына сыйғыза алмасымыз анық. Сондықтан да, солардың ішіндегі ең маңыздыларына тоқталдық. Бастысы, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген ұстанымда жұмыс істейтін әкімнің оң бастамаларына аудан халқы дән риза.
Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.