Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Жедел штаб отырысы өтті
«От пен су – тілсіз жау» деп бұрынғылар текке айтпаса керек. Топан су жолындағының бәрін шайып, өрт жалмап кетеді. Шілде шыға басталған аптап ыстық пісіп тұрған табиғи шөптерді одан сайын қуратып, өрт бола қалса сатырлай жанып, өшіруге мұрша бермейтіндей жағдайға жеткізді. Шілде айының 8-9 күндері Тереңөзек және Қайыңды ауылдық округтерінің тау бөктеріндегі шекаралас аймағында орын алған дала өрті осыны айғақтады.
Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолаққайыңды ауылы маңынан түскі әлетте басталған өрт туралы хабар жетісімен оны өшіруге жедел түрде Тереңөзек ауылдық округінен 15 ерікті өрт сөндіруші жасақ пен 3 техника (1-К-700 және 2 беларус соқасымен) жұмылдырылды.
Дегенмен, ұйытқи соққан жел өртті өшіруге ырық бермей, Қайыңды ауылдық округіне қарасты Мамай ауылының тау бөктеріндегі Ақыртөбе «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесіне тиісті аумаққа ауысып, біраз жерді шарпыды. 1 комбайн жанып кетті. Өрт шарпыған жердің жалпы көлемі анықталу үстінде.
Осы жағдайға байланысты 13 шілде күні аудан әкімі Асқар Санатұлының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, онда осы өртке байланысты мәселелер талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары М.Тлепов өртті өшіру барысында атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерге тоқталса, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ж.Сейтімбетов өртті өшіру барысында Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 56 қызметкер мен 5 бірлік техника, орман шаруашылығы тарапынан 23 адам мен 4 бірлік техника, ауылдық округтер тарапынан 50 адам мен 11 бірлік техника тартылғанын айтып, өрт Шолаққайыңды ауылының маңындағы егін алқабына ескі комбайнды кіргізу себебінен болған деген болжаммен аудандық ішкі істер бөлімі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқандығын жеткізді. Алайда, аудан әкімі өртті сөндіру кезіндегі жұмыстардың өз дәрежесінде ұйымдастырылмағанын айтып, Ақыртөбе «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесі мен облыстық және аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және ауылдық округ әкімдерінің жұмысын сынға алды.
Штаб отырысын қорытындылай келе аудан әкімі Асқар Санатұлы егін орағына қатысып жатқан техникалардың өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сай болуын шаруаларға түсіндіру керектігін атап өтті. Аудандық ішкі істер бөліміне кінәлі адамдарды анықтап, тексеру – тергеу жұмыстарын жеделдетіп жүргізуді тапсырды.
М.ӨМІРЗАҚОВ.