Жамбыл өңірі өркендеу үстінде

875 Views

Ағымдағы жыл – өңіріміздің әлеу­меттік-экономикалық және қоғамдық-саяси өркендеу жолында тағы да бір қарышты қадамдар жасалған жыл болды. Бұл туралы бүгін Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткен салтанатты шарада облыс әкімі Асқар Мырзахметов баса айтты.
Тәуелсіздіктің 28 жылғы тарихында елімізбен бірге Жамбыл өңірі де өсіп, өркендеу мен жаңғырып, жаңаруды бастан кешті. Аймақ басшысы сал­та­натты шарада баяндама жасап, Тә­уелсіздік тағылымына тоқталып, баға­сын бағалай білудің маңыздылығын жет­кізді. Сондай-ақ, аймақта атқа­рылған ауқымды жұмыстар барысын тілге тиек етті.
«Осы жылдар ішінде барлық қа­зақстандықтармен бірге біздің облыс тұрғындары да лайықты үлес қосты. Бүгінде Жамбыл облысы серпінді даму жолына түсті деп айтуға болады. Ағымдағы жылы облыстың аралық экономикалық өсімі 5 пайыздан асады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 15 пайызға артты.
Бұл ретте жеке инвестициялардың үлесі 20 пайызға артты. Жыл басынан бері 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ал жыл бойынша 485 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ең төменгі жалақы 1,5 есеге артты. «Еңбек» бағдарламасына 36 мың адам қатысып, 27 мың адам жұмыспен қамтылды. 18 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 11,5 мыңы тұрақты.
Білім беру саласында 15 мектепке дейінгі ұйым ашылды, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100 пайызға жетті. Сондай-ақ, ауыл халқын алғашқы медициналық көмек нысандарымен 100 пайыз қамту, ағымдағы жылы 65 медициналық мекеме салу нәтижесінде болып отыр. Жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға мемлекеттік және салалық бағдарламалар бағытталған. Жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде халықтың табысын арттыруда маңызды перспективалар ашылуда»,-деді Асқар Исабекұлы.
Сондай-ақ, өңір басшысы жыл басынан бері 123 әлеуметтік-эко­номикалық нысандар жаңадан ашы­лып, бірқатар нысандар қайта жаң­ғыртылғанын жеткізді. Оның ішінде 20 білім, 65 денсаулық сақтау нысандары болса, 18 тұрғын үй, 130 спорт алаңдары ел игілігіне берілген.
Шара барысында Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қыз­метте cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, ха­лықтар арасындағы достық пен ын­тымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін наградталған бірқатар азаматтарға марапаттары табысталды. Атап айтсақ, «ҚҰРМЕТ» орденіне ие болғандар қатарында жазушы, «Жам­был» журналының бас редакторы Несіп­бек Дәутаев, «Қазфосфат» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі Жамбыл фи­лиалының (ЖЖФЗ) бас инженерінің орынбасары Александр Малыш, ақын, еңбек ардагері Шырын Мамасерікова, облыс әкімінің аппаратының басшысы Рүстем Дәулет, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының басқарма төр­ағасы Бақберген Мәуленов, Мо­йын­­құм ауданының әкімі Мәден Мұсаев, «Мейірім» медициналық орта­лығының директоры Гүлдара Нұрымова, облыс әкімдігінің энер­гетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының бас­шысы Нұрлан Алдамжаров, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева бар. Ал, «Қаз­­фосфат» жауапкершілігі шек­теу­­лі серіктестігінің «Минералды ты­ңайт­­­қыштар» зауытының №01 це­хы­ның слесарь-жөндеушісі Жексен Әкіжанов пен «Жамбыл электр жү­йесі» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі филиалының Красногор тарату электр жүйесінің электрослесарі Эдуард Штарк III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Бұл награданы Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысының өз қолынан алғандар арасында Тараз қаласының тұрғыны «Қазақстан темір жолы-Жүк тасымалдау» акционерлік қоғамының «Жамбыл жүк тасымалдау бөлімшесі» Жамбыл пайдалану локомотив де­посы вагон қараушы-жөндеушісі Ни­колай Хомутенко да бар екенін айтып өту керек. Сондай-ақ, Тараз қала­сының тұрғыны «Айнұры» татар-баш­құрт мәдени орталығы» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Амир Халиков ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртісі Бақыт Шағырбаев «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталған.
Жиында өзге де бірқатар аза­мат­тарға «Ерен еңбегі үшін», «Шапа­ғат» медальдары, Қазақстан Рес­пуб­ликасының ҚҰРМЕТ грамоталары, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты және «Барыс» төсбелгісі табысталды. Шара соңы жергілікті өнер­паздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: