Тәуелсіздік мерекесі тойланды

832 Views

Ауданда Тәуелсіздік мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Өңірдің әр аймағында тұрғындарға арналған сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, мерекенің маңыздылығы мен тәрбиелік мәні насихатталды. Дәл сондай шарапаты мол іс-шаралардың бірі аудан орталығында да өткізілді. Аталмыш салтанатты жиынға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Мереке күніне арналған «Ел тірегі — Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиын орталық алаңда орналасқан тұғырлы тұлға Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Биыл 125 жылдығын тойла­ғалы отырған қоғам қайраткерінің есімі аудан тұрғындарының тарапынан осылайша ұлықталды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылғаннан кейін шараға қатысушылар мәдениет үйінде жалғасын тапқан жиынға қатысты. Онда алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа берілді. Аудан басшысы өз сөзінде мерекенің маңыздылығына тоқталып, жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Қазақстан бүгінде, қыдыр дарып, бақ қонған, ырыс жайлаған елге айналды. Аз ғана уақыт ішінде егемен еліміз әлеуметтік-экономикалық дамудың жарқын жолынан өтіп, халықтың тұрмыс деңгейі артты, тұрақтылық пен өркендеудің жолы айқындалды. Ең бастысы, көп ұлтты халқымыздың татулығы мен ынтымағының арқасында тұрақты қоғамдық-саяси ахуал қалыптасты. Қазақ елі — әлемнің алдыңғы қатарлы 50 елінің легіне қосылды. Ал, ендігі біздің алдымызда тұрған ортақ мақсатымыз — озық 30 мемлекеттің бірі болу. Халқымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ие болғанымызға биыл 28 жыл толып отыр. Бұл күн – ата-бабамыздың аңсаған арманы жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн» деп Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамастан аянбай қызмет етіп, ел дамуына айтарлықтай үлес қосқан жандарды марапаттады. Олардың қатарында ауылшаруашылық, денсаулық, білім, мәдениет сынды салалардың мамандары бар.Жиында республика көлемінде танымал, әр салада еңбегімен танылып, ел құрметіне бөленген жандар да ұмыт қалмады. Жүнісбай Тоқтыбаев, Нұрлан Байкөзов, Әділбек Ережепбаев, Ермек Абдрасилов, Жұмакүл Бүкірова, Аман Құлбаев, Ляззат Айткұлова, Алма Әбілқасымова сынды еңбегімен есімі еленген жандар «Тұрар Рысқұлов ауданының құрметті азаматтары» қатарын толықтырды. Жиында оларға арнайы куәлік пен төсбелгілер табысталды.
Мерекелік марапаттаулардан кейін салтанатты жиын М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: