Жаңа жылдық құттықтау

1 118 Views

Құрметті аудан тұрғындары! Жаңа жыл — өткен жылға көз жүгіртіп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылып, жаңа жоспарлар, арман ойлар айқындалатын, қуанышқа толы ғажайып мереке. Ендеше, Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, ағайын!
Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін және біздің өңіріміз үшін де тарихи және саяси оқиғаларға толы, табысты жыл болды. Мемлекет басшысы сайланып, Қасым-Жомарт Кемелұлының тың бастамаларымен тәуелсіз мемлекетіміз дамудың сара жолын жаңа бағыттарда жалғастырып келеді. Тарих қойнауына енгелі отырған жыл өзінің маңызы жағынан айрықша жыл болды. Мемлекетіміздің мерейі өсіп, абыройы артты. Қазақстан — күллі әлем таныған, құрметтеп, төріне оздырған беделді мемлекетке айналды. Мемлекет басшысының саясаты негізінде облыс пен ауданымызда бірқатар әлеуметтік – экономикалық маңызды мәселелер шешіліп, әлеуметтік жағдай жақсара түсті.
Құрметті, жерлестер!
2019 жыл біз үшін нәтижелі жетістіктерге, маңызды шараларға толы болды. Аудан халқының ынтымақ – бірлігі, еселі еңбегі арқылы биік белестер мен мақсатты межелер еңсерілді. Белгіленген жоспар барлық сала бойынша орындалды. Жыл аралығында автомобиль жолдарын жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, табиғи газбен қамту, таза ауыз су желілерін жаңғырту, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің ғимараттарын жөндеуден өткізу, медициналық нысандар салу бойынша көп жұмыстар атқарылды. Ауданның сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары жүйелі жолға қойылды. Әрине бұл ел егемендігінің арқасында жүзеге асып жатқандығы сөзсіз.
Руханият саласында мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуы және Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл мерекесі абыройлы аталып өтті. Ең бастысы, бірлік пен ынтымақ болса мол табыстарға қол жеткізетінімізге деген сенім беки түсті. Сондықтан да үмітімізді ақтағаны, несібемізді еселегені үшін өтіп бара жатқан жылға ризашылығымыз шексіз!
Жаңа жылдан да жаңа табыстар мен жетістіктер күтеміз. Алдағы жылы ауданның бірнеше елді мекенінде ауыз су мәселесі шешілмек. Газ құрылысы жалғасады. Кәсіпкерлікті дамыту мен ауыл шаруашылығы саласында қайта өңдеу мәселесінде де бірқатар шаруалар жүзеге асырылуы тиіс. Облыс әкімінің бастамасымен жаңа пилоттық жоба жүзеге асырылып, өз нәтижесін бермек. Жалпы аудан азаматтарының талап-тілектерін қанағаттандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында көзделген жұмыстар жеткілікті. Амандық болса, барлығы біртіндеп жүзеге асырылатын болады.
Ардақты аудан тұрғындары!
Баршаңызды жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймыз, Жаңа жыл әр отбасына жылулық әкелетін жасампаз мереке болсын! Жаңа жыл ынтымағы мен бірлігі жарасқан аудан халқы үшін сәтті жыл болып, әр шаңырақта береке – бірлік, шаттық пен қуаныш орнасын!

                    Аудан әкімі                                                     Е.Садырқұлов.

          Аудандық мәслихат хатшысы                          Т.Жаманбаев

                                                           

Поделиться ссылкой: