«Тау қымыз» сауықтыру орталығы ашылды

1 597 Views

Бұған дейін біз газет бетінде «Шәушен» шаруа қожалығының Жарлысу ауылындағы «Қарабұлақ» тауының етегінде орналасқан қымызбен емдеу сауықтыру орталығының ашылғаны жөнінде сан мәрте жазған едік. «Тұсау – атты сақтайды, ат – ерді сақтайды, ер – қаумалаған қауым елдің бірлігін сақтайды» деген сөзді Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевқа қарата айтсақ жарасады. Себебі, Жарлысу ауылының келбетін көркейтуде беделді кәсіпкер қаражатын аяған жоқ. Осы бір жомарттық дейтін қасиетімен-ақ, ол — ауылға сыйлы, жастарға қадірлі болды. Сайрамбай Әліқұлұлы күні кеше ғана «Қарабұлақтың» етегінде орналасқан шипажайдың жалғасы ретінде 40 орындық жаңа ғимарат салып, пайдалануға берді. Бұл бастама Сайрамбай Дөненбаевтың беделін одан әрі арттыра түскендей.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов және аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысып, ақжарма тілектерін жеткізді. Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың атымтай жомарт азамат Сайрамбай Дөненбаевқа зор ықылас танытып, оның кәсібін ілгерілетуге әрқашан қолдау көрсетіп отыратынын айтса, Қожайхан Қазыбайұлы кәсіпкер інісінің бұған дейін атқарған еселі еңбегін жіпке тізіп айта келіп:
-Бедеуің белдеудегі байлау болсын,
Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын,
Сонда қаумалаған ағайының кетпес қасыңнан.
Олжа тапсаң достарыңа бірдей бөліп бер,
Сонда қаумалаған достарың кетпес қасыңнан.
Жақыныңа тартпай, төрелігін әділ бер,
Сонда қаумалаған халқың кетпес қасыңнан.
Осы үшеуі кетпесе қасыңнан,
Бақытың кетпес басыңнан,- деп, ағалық ақ батасын берді. Рәсім соңында «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі Сайрамбай Дөненбаев «Қарабұлақтың» етегіндегі «Тау қымыз» қымызбен емдеу сауықтыру орталығының директоры Кенен Мейрамбайұлына ғимараттың «Символикалық кілтін» табыс етсе, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров пен аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов аталмыш нысанның лентасын салтанатты түрде қиды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: