Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында бірқатар мәселелерді ашық айтып, олардың шешу жолдарын айқындап көрсеткен болатын. Ел Президенті, әсіресе, көп балалы аналардың жағдайына айрықша тоқталып, оларды баспанамен қамтамасыз ету — бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе екендігін ерекше атап өткен еді. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажеттігін айтып, жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырмалар берді.
«Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық. Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет. Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі» деп көп балалы аналардың көкейінде жүрген сан түрлі сауалдарға нақты жауап қайтарды.
Бүгінде Президент тапсырмасы бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгіленіп, шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілуде. Тіпті, қазіргі таңда әлеуметтік мүддеге орайластырылған «7-20-25», «Бақытты отбасы» секілді бағдарламалар арқылы баспаналы болып жатқан отбасылар өте көп. Солардың қатарына тұрарлық төрт көп балалы отбасыны да қосуға болады. Олар жаңа жыл мерекесі және Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында баспаналы болды. Айта кету керек, көпбалалы отбасыларға мұндай үйлер аудан тарихында алғаш рет беріліп отыр. Жаңа қоныс иелерін аудан басшысы Ерболат Садырқұлов арнайы барып құттықтап, көп балалы аналарға үй кілттерін табыстады. Сонымен қатар, тұрғын үйлерге алдын ала жүргізілген жөндеу жұмыстарымен де танысты. «Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ауданымыздың 8 отбасына тұрғын үйдің кілті табысталады. Солардың төртеуін бүгін тарту етеміз. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға сатып алынған тұрғын үйлерге көп балалы аналар ие болады. Бұл дегеніміз — кезекте тұрған көп балалы отбасылар жаңа жыл мерекесін жаңа қоныста қарсы алады деген сөз» деп алғашқы үйдің кілтін төрт баланың анасы Эльмира Оразалиеваға табыс етті.
Құмарық ауылының бұрынғы тұрғыны Эльмира Қыдырбайқызының қуанышында шек жоқ. Талай жылдан бері пәтер жалдап келе жатқан ана бар тауқыметті көргендігін айтып, ізгі жандардың демеуімен бар қиындықтар артта қалғанын тілге тиек етті. Қуаныштан қатты толқыған ол өзіне қиын кезде көмектескен азаматтарға, мұң-мұқтажын елеген аудан басшыларына алғысын айтты. «Бізге қол ұшын беріп, көмек созған адамдарға үлкен алғысымды білдіремін. Сіздердің арқаларыңызда жаңа үйге қол жеткізіп отырмыз. Алла разы болсын, бала-шағаларыңыздың қызығын көріңіздер» деп қуанышын жасыра алмады.
Дәл осы күні Эльмира Оразалиева секілді бірқатар көп балалы аналар қуанышқа бөленді. Аудан басшысы Ерболат Садырқұловтың қолынан Жайнар Әлімқұлова, Ермеккүл Сұлтанғазиева және Алтынкүл Демесинова секілді аналарға салтанатты түрде үй кілті табысталып, мереке қарсаңында көп балалы отбасылар қуанышқа бөленді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
СУРЕТТЕ: аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың жаңа қоныс иелеріне үй кілтін табыстау сәті.