Шығыс халқы шайырының шығармашылығы дәріптелді

702 Views

«Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие керек. Өйткені, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөз қалдырған шығыс халқының дана ойшылы, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы биыл ұлттық деңгейде аталып өтілетіндігі баршаңызға белгілі. Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына арнаған Жолдауында жан-жақты сөз қозғап, Әбу Насыр Әл-Фарабидің әрбір тақырыпта жазып қалдырған өсиет сөздері ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосатынын атап өткен еді. Мінеки, Президент Жолдауында межеленген жоспар бойынша республика аясында шығыс ойшылының мұраларын дәріп­теу мақсатында көптеген ілкімді іс-шаралар өтуде. Жуырда аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай өткен байқау бұл сөзіміздің нақты дәлелі іспеттес.
Байқау 3 кезеңнен яғни, «Жүйрік­тен жүйрік озар жарысқанда», «Даныш­пандықтың інжу маржаны», «Мен сомдаған Фараби» деген бағыт бойынша өрбіді. Оқушылар жақсы дайындықпен келген екен. Бірақ, байқаудың шарты сол, онда жүлде санаулы. Нәтижесінде қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан оқушыларды да анықтап үлгерді. Қара қылды қақ жарған қазылардың шешімімен жүлдегер атанып, жеңім­паз болған оқушылардың тізімі төмен­дегідей. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» сайысында Жамбыл орта мектебінің 9 сынып оқушысы Аяулым Амангелді мен Қаныш Сәт­баев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Аяулым Нәдірқұл жүл­делі III орынды иеленсе, жүлделі II орынды Абай орта мектебінің 9 сынып оқушысы Аяжан Рысқұл және №1 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Гаухар Наурызбек жеңіп алды. Бұл сында Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Жансая Увайда жүлделі I орынға ие болды. «Данышпандықтың інжу маржаны» жарысында Ақыртөбе орта мектебінің 8 сынып оқушысы Маржан Ыдырыс пен № 2 шағын орталықты орта мектептің 9 сынып оқушысы Аружан Байғұтты жүлделі III орынға ие болса, Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің 9 сынып оқушысы Аяулым Аубакирова мен Абай атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Елнұр Керімбек жүлделі II орынды еншіледі. Жүлделі I орын Максим Горький атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Аяулым Жұмағалиеваға бұйырды. «Мен сомдаған Фараби» сайысында Бауыржан Момышұлы, Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектеп пен Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары жүлделі III орынды еншілесе, Қаныш Сәтбаев және Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушылары жүлделі II орын иегері атанды. Ал жүлделі I орынға сахналық қойылымдары сәтті шыққан Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары ие болды.

М. Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: