Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Қазақта Абайдан асқан дана бар ма? Өлеңдері мен қара сөздері, поэмалары мен әрбір айтқан нақыл сөздері, аудармалары мен әндері әр жүректі нұрға бөлеп, өмірлік азық болар дүниелері аз емес. Басқасын былай қойғанда, оның жүріп өткен өмір жолының өзі әрбір қазаққа үлгі, жас ұрпаққа өнеге. Абайды кім жырламады, Абайды кім үлгі етпеді десеңізші! Әрбір ақын, жазушы, әдебиет сүйер қауым, тіпті, әрбір қазақ Абайдың өлеңімен сусындап өсті десек, қателеспейміз. Ұлы ақынның қара сөздерін көңіліне ұялатқан жан өмір жолында адаспай ғұмыр кешіп, мақсатын айқын таңдай біледі деуімізге де толықтай негіз бар. Себебі, Абай жай ғана ақын емес, өмірдің қыр-сырын терең суреттеп, түзу жолды айқын көрсете білген һәкім, философ, ғалым әрі дара да, дана да бола білген жан. Ендеше, әр қазақ Абаймен мақтана да алады, Абайды ұлықтаудан жалықпайды да!
Биыл һәкім Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Атаулы оқиғаға орай жыл басынан бері еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, бірнеше байқаулар жарияланды. Тіпті, ауданымыздың өзінде көптеген іс-шаралар өткізілді. Соның бірі Көгершін ауылдық округіндегі Ақтоған шағын орталықты орта мектебінде ұйымдастырылды. Шараға бүкіл мектеп ұжымы бір кісідей атсалысты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен өткен әдеби-сазды кеште қазақ данасының өлеңдері мен поэмаларынан үзінділер оқылды. Онымен қоса, Абайды үлгі етіп, оған жыр арнаған мектеп оқушылары өз шығармашылықтарын паш етіп, әдеби кештің көркін ашты. Әсіресе, «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық Ай» секілді Абай әндері шырқалғанда, барша көрермен ұйып тыңдап, іштей тебіренгендей күй кешті. Осылайша, Ақтоған шағын орталықты орта мектебінде де ақынның шығармашылығы тағы бір мәрте дәріптеліп, есімі тағы бір мәрте ұлықталды.
С. Қарасаева,
Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі.