Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте

693 Views

21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні мерекесіне орай өткен аптада аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде «Ана тілі – асыл мұрам!» атты байқау өтті. Түрлі этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен байланыстырып ұйымдастырылған байқауға 9 команда қатысты.
Байқау 3 кезең бойынша өрбіді. Яғни, қатысушылар алғашқы кезеңде команданың құрамын таныстырса, екінші сында «Абай деген әлем бар» тақырыпта хакім өмірінің өрісті сәттерін сахналық қойылым арқылы көрсетті. Ал үшінші айналым «Шығармашылық өнер» деп аталды. Қазылар алқасы байқау қатысушыларының өнерін мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне, тіл байлығына, дауыс мәнеріне және сахна мәдениеті бойынша бағалап, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады. Нәтижесінде жүлделі III орын Ақбұлақ ауылынан келген «Достық» командасына бұйырса, жүлделі II орынды Қарақыстақ ауылының атынан қатысқан «Тағылым» командасы жеңіп алды. Ал Дінмұхамед Қонаев ауылынан келген «Бірлік» командасы байқау жеңімпазы атанды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге және байқауға қатысқан әр командаға аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының алғыс хатымен бірге бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: