«Жобаны жалғастыруға ниеттіміз» деді облыс басшысы аудан тұрғындарымен кездесуінде

1 105 Views

Өткен аптаның жұмасында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев ауданға арнайы іс-сапармен келді. Құмарық, Көкдөнен және Құлан ауылдарын аралап, бірнеше әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысқан облыс басшысын аудан әкімі Ерболат Садырқұлов ертіп жүрді. Облыс әкімі өз сапарын пилоттық жоба жүзеге асырылып жатқан Құмарық ауылдық округінен бастады.Үш бірдей елдімекеннің басын біріктірген ауылдық округте дәл қазір қызу жұмыстар жүргізілуде. Жалпы алғанда округте 630 аула бар. Бүгінгі таңда онда 3685 адам тұрады. Оның ішінде жұмысқа жарамды азаматтар саны – 1447. Жобаға қатысуға ниет еткен 500 аула дайындық жұмыстарын әлдеқашан бастап кеткен. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан әрбір аулаға жайлы жағдай жасау жұмыстары да қарқынды іске асырылуда. Мәселен, төрт түлігін тү­гендеп үлгерген тұрғындарға мал азығын дайындауға көмектесу мақса­тында 17 дана ауылшаруашылығы техникалары алынды. Аталмыш бағытқа жоба бюджетінен 90,0 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған. «Құмарық-Тау» кооперативінің меншігіне жататын бұл техникалар алдағы уақытта ауыл сыртындағы жер үлесіне егілетін да­қылдарды күтіп-баптаумен және жинаумен айналысатын болады. Айта кету керек, ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану үшін 284 гектар жерге арпа, 541 гектар алқапқа бидай, 139 гектар жерге жоңышқа егу жоспарланып отыр.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» Құмарық ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпін берген секілді. Мысалыға айтар болсақ, талай жылдан бері тұрғындар көтеріп келген ауылдағы ауыз су мәселесі жуық арада шешілмек ниетте. Сонымен қатар, Қаракемер мен Алғабас ауылдарына да тіршілік көзін жеткізіп беру жұмыстары да жоспарға сай жүргізіліп келеді. Әлеуеті зор ауылдың келбеті де соған сай болуы керек. Сол себепті де дәл қазір ауылдағы әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынғалы отыр. Соның бірі – Болтай батыр атындағы орта мектеп. Аталмыш білім ошағында оқушылар екі ауысымда оқып жатыр. Мектепте білім алушыларға барынша жағдай жасалған. Тек мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл туралы облыс әкіміне аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов мәлімдеді. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары оқушыларды ыстық тамақпен қамту, шағын орталықтардың жұмысы, ҰБТ нәтижесі, мұғалімдердің сапалық құрамы мен қауіпсіздік іс-шаралары жайында кеңінен мағлұмат берді. Мектептің асханасын, спорт залын және бірнеше оқу бөлмелерін аралаған облыс басшысы білім ошағына расымен де жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізіп, ұстаздармен де тілдесті. Пікір алмасу барысында ұстаздарға артылған жүктің ауырлығын айтып, білімге әсіресе, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көп көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті.
Бердібек Мәшбекұлының келесі барған нысаны – Құмарық ауылдық мәдениет үйі. Мұнда да аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов өңірде мәдениет саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді. Бейсенбек Әшімәліұлын мұқият тыңдаған облыс бас­шысы аудандағы әр­бір елдімекенде Әл-Фа­раби мен Абайдың ме­рей­тойларын жоғары дең­гейде өткізу керектігін ал­ға тартты.
Облыс әкімі дәл осы мә­дениет үйінің үлкен залында тұрғындармен де кездесті. Кездесуде пилоттық жобаның жұмысы жайында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев баяндама жасады. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да сөз алып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Жиында тұрғындар тарапынан жайылым, балабақша, кооператив жұмысы және пилоттық жобаға қатысты сұрақтар қойылды. Оған облыс басшысы мәселелердің барлығы заңды түрде шешілу керектігін айтып, нақты жауап қайтарды.
Дәл осындай форматтағы жиын Көк­дөнен ауылында да өткізілді. Көкдөнендіктер жаңадан тағайындалған облыс басшысының жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар мәселелерді ашып айтты. Әсіресе, тау суының ауылға жетпеуі, мұғалімдердің апталық жүктемелерін азайту және ауылшаруашылық ма­ман­дарын ынталандыру сынды ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, ауыл тұр­ғындары пилоттық жобаның ауылға келуін, оның шапағатына бөленгісі келетіндіктерін анық аңғартты.
Пилоттық жобаны іске асыру үшін де білікті мамандар қажет бола­ты­­ны сөзсіз. Осы бағытта жүйе­лі жұмыстар жүргізіп отырған бі­­­­лім ошағының бірі – Құлан агро­тех­­ни­ка­лық колледжі. Аталған білім ор­дасы ауылшаруашылығына және жеке кә­сіптерге қатысты бірнеше маман­дықтар бойынша дәріс береді. Ұс­таз­дары білікті, шәкірттері талапты болып ке­летін білім ордасында жаңалықтар өте көп. Облыс басшысы колледж аума­ғына салынған ны­сан­дардың және жы­лы­­жайдың жұ­мыстарымен танысып, оң бағасын берді.
Бердібек Сапарбаев түс ауа Құлан ауылындағы өзге де нысандарды аралады. Іргетасы 2018 жылы қаланған спорт кешенінен бастаған аймақ басшысы аталмыш саланың жұмысына жоғары баға берді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды спортқа тарту жұмыстарын ерекше атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды лайықты түрде жалғастыру керектігін алға тартты. Ізінен «Балапан» балабақшасы мен Құлан ауылындағы су іркуіш ғимаратының жұмыстарымен де танысты.
Аймақ басшысы ат басын бұрған келесі нысан Шындос Мырзалиев басшылық ететін аудандық аурухана болды. Онда облыс басшысы ота жасау, перзентхана, тіркеу, жансақтау бөлімдерін аралап көрді. Кейіннен дәрігерлермен тілдесіп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Бердібек Сапарбаев аудан орталығында орналасқан Әлихан Бөкейханов атындағы мектепте де болып, оқу процесімен танысты. Спорт зал, акт залдарын аралап, мектептің бүгінгі тынысына көз жүгіртті. Одан соң облыс әкімі аудан басшысы және мектеп басшыларымен тілдесіп, мектептегі орын тапшылығын жою мәселелерін талқылады.
Іс сапар соңында Бердібек Мәш­бек­ұлы Құлан ауылының тұрғындармен кездесті. Мэлс Өзбеков атындағы мә­дениет үйінде өткен жиында ең алдымен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов өткен жылы атқарылған және 2020 жылға жоспарланған жұмыстармен қысқаша таныстырды. Ізінен сөз ауыл тұрғындарына беріліп, өтініштері тыңдалды. Кездесу барысында тұр­ғындар тарапынан Жаңатұрмыс пен Қарақыстақ ауылдарына газ тарту, тері мен жүн өңдеу кәсіпорындарын ашу, тау суын ауылға жеткізу, пилоттық жобаның жұмысын өзге елдімекендерге тарату, баспанамен қамту, мектептердегі бейнебақылау камераларының санын арттыру сынды мәселелер айтылды. Аталмыш сұрақтарға жауап берген облыс әкімі өтініш-тілектердің орын­ды екенін айтып, оны барынша қол­дайтынын жеткізді. «Сіздердің кө­тер­ген әрбір мәселелеріңіз өте орын­ды. Әсіресе, пилоттық жобаға бай­ланысты сұрақтар көңілімнен шық­ты. Біз аймақтың бұрынғы бас­шы­сы Асқар Мырзахметовтың бас­та­масымен қолға алынған жобаны жалғастыруға ниеттіміз. Бірақ ол үшін таңдап алынған он бір ауыл жобаның мақсаттары мен міндеттерін орындап, оң нәтиже көрсетуі керек. Сол үшін де жалқаулыққа салынбай, бірлесе еңбек етуіміз керек. Барынша бұл іске жастарды тартып, оларды Отанды сүюге, үлкен мен кішіні құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек. Береке мен бірлік, тыныштық пен татулық жетістікке жетелейтінін ұмытпағанымыз абзал» деп жиынды қорытындылады.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: