Ақпараттық топ ауданымызда

739 Views

Ел бірлігін ойлаған, ағайынның ауыз­­біршілігі мен ынтымағын көк­се­­ген, ұлт­аралық ынтымақтастық пен дінаралық татулықты ту еткен ел аға­лары өткен бей­сен­біде Құлан­ға келді. Ең алдымен Құлан агро­тех­никалық жоғары колледжінде бо­лып, студент жастармен кездесіп, олармен еркін пікір алысты. Осы алқалы топты об­лыс әкімінің бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев бастап келіп, «Ру­хани жаңғыру» залында оты­рып, салиқалы сөз, сарабдал пікір айт­ты. Ол облыс әкімі Бердібек Сапар­баевтың Қордай ауданына жұ­мыс сапармен барып, төтенше жағ­дайлардың салдарын жою жөніндегі облыстық штабтың отырысын өт­кіз­ге­нін, халыққа гуманитарлық көмек көр­сетіліп, тұрғындардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бойынша бірқатар шара­лар жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
М.Шүкеев жастарға еліміздің да­муы, қоғамдық-саяси жағдай,өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы, ұлтара­лық татулық пен бірлік, демократиялық қоғам құрудағы жарқын істер, бірлік пен ынтымақ туралы ой-пікірімен бөлісті.
Облыстық ардагерлер кеңесі мүшесі, «Жа­ңару» ҚБ төрағасы, Жамбыл облысы мен Т.Рысқұлов, Шу аудандарының Құр­метті азаматы Қ.Төлендиев жас­тарға достық, ынтымақтастық, ұлт­араз­дық қақтығыстарға жол бермеу, әлеу­меттік желінің пайдасы мен зияны, тұрақ­тылыққа қол сұғу, қоғамдық тәр­тіпті сақтау мен ішкі мәдениет, эти­ка сақтау, мінез-құлық нормаларына сүйе­не отырып, адами құндылықтарға ба­сым мән беру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету туралы өзінің құнды ой­ла­рымен бөлісті. Сұрақ-жауап арқылы жаңа­ша форматта өткен кездесуде жас­тар тарапынан түскен сауалдарға жауап берді.
Облыстық мәслихат депутаты, об­лыстық қоғамдық кеңестің мүшесі А.Райқұлов кез келген жиын мен шара­ларды мемлекеттік тілде өткізу қа­жеттігі, өзге этнос өкілдерінің мем­ле­кеттік тілді қолдану аясын кеңейту туралы тың ұсыныстарын айтты.
Колледж студенттері А.Хавиши, Р.Хак­лиманов, Ш.Ешмуратова мемле­кеттік тілді күнделікті қолданудағы за­мандастарының әрекеттері туралы пікірлерімен бөлісті. Жастар тарапынан Қордай ауданында болған жағдайға бей-жай қарамайтындығын, бірлік пен татулыққа нұқсан келмеуі туралы өзіндік көзқарастарын ашық білдіріп, қоғамдағы жағдайларға өз ойларын ашық жеткізе алатындығын көрсетті.
Арандатушылық ниет пен жат пи­ғыл, әлеуметтік желідегі жалған ұрандарға ілесудің зардаптары туралы құ­қықтық сауаттары бар екендігі және әр жастың өзіндік ұстанымы бар екендігі көңіл қуантты.
Колледж директоры С.Есеев 660 студенттің 12 пайызы өзге этнос өкілі екендігін, 81 студенттің білім алып, кәсіби мамандық алып жатқанын, оларға жасалған жағдай мен атқарылып жатқан жұ­мыстармен таныстырды.
Жастардың санасына қа­зақстандық патриотизм мен ұлттық құндылықтарды дәріп­теу, жастардың әр жаңа бас­таманың жаршысы болуы мен еңбекке деген құлшынысы, білімге ұм­тылуы туралы тың идеялар мен ұтымды ойлар айтылған аталмыш кездесудің берері мол болды.
Осыдан соң ақ­па­раттық топ мү­ше­лері Луговой және Р.Сәб­де­нов ауылдарында болып, ауыл тұр­ғындарымен кез­десті. Кент тұр­­ғындары Б.Ке­рім­­құлов, Б.Әлім­бае­­ва, Ф.Ақтанова және басқалары кө­ше жолдары мен жа­­рығы, тозығы жет­­кен үйлер­дің жағдайы, мал жа­йы­лымы ту­ралы мә­се­­ле­лерді көтерді. Р.Сәбденов ауы­лын­да болған басқосуда да жұрт аймақта орын алған өзекті мәселерді сөз ете келіп, Қордай оқиғасының енді қайталанбайтынын айтып, ел тыныштығының ең қымбат екенін ерекше атап өтті.
Ақпараттық топ дәл осындай кез­десулерді сенбі күні Қарақыстақ, Абай және Құлан ауылдық округтерінде де өткізді. Каменка ауылында өткен жиында ауыл тұрғындары табиғи газ кіргізу мәселесі назардан тыс қалмауын өтінсе, Абай ауылы тұрғындары мем­ле­кеттік тілді дамыту мен қолдануда жаңаша көзқарас қалыптасуы қажеттігі туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Облыс әкімдігі жанынан құралған ақпараттық топ мүшелерінің халықпен кез­­десуінің қорытындысы Құлан ауылын­­да өтті.
Шара аясында топ мүшесі Қ.Тө­лен­­диев еліміздегі, облыс пен аудан ау­мағын­дағы әлеуметтік-экономикалық даму мен қол жеткен табыстар, тұрақ­тылық пен ынтымақтастықты сақ­тау­дағы нәтижелі жұмыстар туралы кең ау­қымда баяндады. Аудан аумағындағы проб­лемалардың шешілуі, ондағы билік­тің ықпалы, нәтижелі жұмыстары мен оң бастамалары, аймақтағы қол жеткен та­быстар, қоғамдағы саяси ахуал, бо­лып жатқан келеңсіз жағдайлардың шы­ғуы, зардаптары, оның алдын алу шара­лары туралы кеңінен баяндады. Тұтастық пен ынтымақты сақтау-бас­ты құндылық екендігін нақты мы­салдармен түсіндірді. 20-дан аса ұлт өкі­лі мекендеген өлкенің өткені мен бүгіні, өзге этнос өкілдерінің аудан дамуына қосқан үлесі, ауданнан шыққан өзге ұлт өкілдері арасындағы танымал азаматтардың жетістіктері туралы жақсы пікірлер айтты. Ел дамуындағы мемлекеттік тілдің рөлі, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ана мен әке өнегесі, ата дәстүрі, ұлттық құндылықтар туралы құнды пікірлермен бөлісті. Көшпенді елдің ұрпағы көшеге шығып шуыл­дағаны билікке де, бұқараға да, қара­­пайым халыққа пайда әкелмейтінін мы­салдармен тарқатты. Қазақ елінің тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан аза­мат­тарын бір-біріне айдап салып, арандату біреулерге ғана тиімді екенін ес­кертті.
Жиналған көпшіліктің де,билік өкілдерінің де ойының өзегі-осы. Татулық пен бірлік, ынтымақты тірлік қана заман көшінен қалмай, өмір сүрудің кепілі екенін ұғынды.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: