Құрметке лайық азамат

581 Views

Біз көбінде жанымызда жүрген азаматтардың қадіріне жете бермейміз. Адам баласының табиғаты солай. Елі­не елеулі еңбек етсе де ескерусіз, елеу­сіз қалатындар көп. Осы олқылық­тың орнын толтырып, елге еңбегі сіңген азаматтардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету үшін «Жаныңда жүр жақсы адам» айдарымен мақала­лар жазып, газет бетінде жариялауды жөн көрдік. Бүгінгі кейіпкеріміз аудан жұртына белгілі спорт ардагері Чулекеев Марат Алиұлы. 1986-1991 жылдары аудандық спорт комитетінің төрағасы қызметін атқарған Марат Алиұлы сол жылдары аудан спортының деңгейін биікке шығарды. Ауданда 1500 орындық стадион пайдалануға беріліп, футболдан жасөспірімдер арасында Қазақстан және КСРО біріншілігі өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарысқа спорт саласының басшылары жоғары бағасын берді. Ол 1990 жылы аудан көлемінде ең бірінші болып «Футболдан Республикалық дәрежедегі төреші» атағын алды. Ал, 1991 жылы Мәскеуде мемлекеттік орталық Ленин атындағы денешынықтыру және спорт институтында біліктілігін арттырып, «КСРО денешынықтыру және спорт үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Халық депутаттары аудандық Кеңесінің үш мәрте депутаты болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркен­деуіне де сүбелі үлес қосты.
Марат Алиұлының спорт саласына, аудан халқына сіңірген еңбегі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Тәуелсіздік жылдары Ермахан Ыбырайымов атындағы спорт мектебінде директордың орынбасары, Әлихан Бөкейханов және Максим Горький атындағы орта мектептерде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметтерінде жүріп, оқушыларды спортқа баулыды. Оның оқушылары қандай жарысқа барса да жүлдемен оралып жүрді. Өзі өзге ұлттың өкілі болса да ұлттық ойын тоғызқұмалақ­тың аудан аумағында дамуына атса­лыс­ты. Ер еңбегін ел ұмытса да тарих ұмытпайды екен. Ол аудан тарихында тұңғыш тоғызқұмалақ ойынының жат­тықтырушысы болып қалды.
Наурыз айының 12 жұлдызында зейнеткерлікке шыққан белсенді азамат әлі қоғамдық жұмыстарға білек сыбана кірісуге әзір. Қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі азаматтармен қоғамдық не­гіз­де жұмыс істеп келеді. Тоғызқұма­­­лақ, дойбы, шахмат, үстел тенисі секілді спорт түрлерінен жарыстарға қаты­сып, аудан намысын абыроймен қор­ғап жүр. Осы қызметтеріне қарап, оның қандай құрметке болса да лайық аза­мат екенін байқайсыз. Тіпті, ауданның «Құрметті азаматы» атағын берсе де жарасар еді. Ең бастысы осындай жақсы адамдардың жанымызда жүргенін ес­тен шығармайық.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: