Абай – ұлтымыздың ұлы кемеңгері

610 Views

Абай шығармалары қанша дәуір өтсе де, өзінің өміршеңдігін жоғалтпай, халықтың сарқылмас қазынасына айналып отыр. Қоғам шындығын өз туындыларына арқау еткен ұлы ақынның ұрпаққа жазып қалдырған сөз мұрасы уақыт өткен сайын құндылығы артпаса, кемімек емес. Өйткені, Абай Құнанбайұлы әр туындысында адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттерді айрықша сипаттайды.
Мәселен, мақтансүйгіштік, дүниеқоңыздық, жалқаулық, қанағатсыздық жайында хакім Абай:
– Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңіз…
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой,
Бес асыл іс – көнсеңіз,-деп жырлайды. Егер адам баласының бойында мұндай қасиет табылмаған жағдайда оған айтылған сөздің зая кеткенін ұғындырып:
– Бойда қайрат, ойда көз,
Болмаған соң айтпа сөз,- деп жүрек толғанысын жеткізеді. Жеке адамға тән осындай қасиеттерді талдай отырып, хакім Абай ұлттық болмыстың қандай болатынын аңғартады. Алаштың ардақты ұлы Міржақып Дулатұлының «Қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындаймыз» деген сөзі бар. Қорытынды сөзді ұлт зиялысының ұлағатты сөзімен аяқтайтын болсақ, Абай туындылары уақыт өткен сайын халықтың мәңгілік мұрасына айналып, қара тамырлы қазақ үшін құнды жәдігер болып қала бермек.

Гүлзира Мұса,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті филология факультетінің 4 курс студенті.

Аңсатқан балалық

Қайта айналып келмес әттең балалық,
Балалықпен жасадық көп шалалық.
Ауылдың баласымын шаңда өскен,
Қарттардан сөз тыңдадық даналық.

* * *
Асық ойнап, доп қуып, жалаң аяқ,
Уақытта өтіп жатты жылжып таяп.
Үй бетін көрмей ойнап кешке дейін,
Анамыздан жедік қой талай таяқ.

* * *
Лай көдеден шықпаушы едік бақадай,
Көлдің суын іштік талай байқамай.
Үлкендер тығып қойып киімді,
Отырушы ек үйге қарай қайта алмай.

* * *
Қозы бағып көгалға көктем кезде,
Күн сәулесін жадырап төккен кезде.
Бозторғайлар шырылдып әніменен,
Төбемізден тырналар өткен кезде.

Досжан Оспаналиев,
Қайыңды ауылдық
мәдениет үйінің қызметкері.

Поделиться ссылкой: