Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды

1 546 Views

Кітап көп оқыған адамның білімі арта түседі. Ата-анамыз бізді қалай тәрбиелесе, кітаптағы алтыннан да қымбат, жақұттай асыл сөздер адамды дәл солай тәрбиелейді. Ол адамдарды басқа адамдардың өмірімен таныстырып, өз өмірімен салыстыруға, сонымен қатар, өмір сырын ұғынуға мүмкіндік береді. Мәселен, өз басым жазушы Оралхан Бөкей ағамыздың “Ардақ” атты әңгі­месін оқу арқылы көптеген өмір­лік ой түйдім. 4-5 беттік шығарма желісінде өмірде орын алатын ағайын арасындағы алауыздық, босаға көрмей 17 жасында гүлі солған қызғалдақтай қыз тағдыры мазмұндалады. Орағаң бұл шығармасын сонау 1968 жылы жазған екен. Осы оқиғалар біздің заманымызда ғана емес, сол жылдардан бері етек алып келеді екен-ау деп қынжылдым сосын. Шыны керек, осы шығарманы оқығаннан кейін «қызға қырық үйден тыйым» деген тәмсілдің сырын терең түсінгендей болдым.
Мектептегі ұстаздарымыз айтпақшы, «Бұрын қолына ұялы телефон ұстаған адам көрсек қызыға, таңдана қарайтын едік, қазір керісінше кітап ұстаған адам көрсек қуанамыз, оның өзі сирек кездеседі». Ащы болса да шындық бұл. Әлеуметтік желіден Бұхарада дүниеге келген, 10 жасында хадистерді (Пайғамбар туралы аңыздар) оқып үйрене бастаған Мұхаммед әл-Бұхари 600 мың хадис жинақтағанын, соның ішінде 100 мың сахих, 200 мың дағиф хадистерін жатқа білетіндігін оқыған едім. Ал қазіргі таңда 10 жастағы бала тұрмақ, қазыналы қариялардың алқалы жиындарда, той-томалақта бата сұрағанда, ұялы телефонға көз жіберіп, бата бергенін талай мәрте өз көзіммен көрдім. Әрине, көпке топырақ шашып отырғаным жоқ. Бірақ бұның да ащы шындық екені және рас.
Осы мақаланы жазбастан бұрын инстаграмм парақшамда «Cоңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?» -деп оқырмандарыма сауал жолдаған едім. Нәтижесінде «Есімде жоқ немесе келешекте оқырмын, терең мазмұнды шығармаларды ақыл тоқтатқаннан кейін оқуға болады” деген жауаптар қатары көп болды. Тіпті мүлде кітап оқымаған адамдар да кездесті. Ал кітап оқимыз деген адамдар қатары бірен-саран ғана болды.
Сорақысы сол, осы күні жастың да, жасамыстың да күні бойы ұялы телефонға телміріп, кітап деген асыл қазынаны сандыққа салып қойғаны тағы рас. Өкінішті-ақ!
Бірде ҚР Парламенті Мәжілісінің депу­таты, белгілі журналист, әдебиет­танушы, филология ғылымдарының докторы, Сауытбек Әбдрахмановтың “Айқын” газетіне берген сұхбатында:
– Жақында Португалияға бардым. Порту қаласында өзіміз ұмытып кеткен бір көрініске куә болып, қатты таңдандым әрі қуандым. Ол көрініс – кітап дүкенінің алдындағы кезек. Бұл біз үшін үлкен оқиға. Ұмытыла бастаған оқиға ,”- деп сөз өрбітіп еді. Француз ойшылы Дени Дидро «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген. Мұны ғалымдардың зерттеулері де дәлелдейді. Кітап оқып отырған адам өз бетінше ойланады, шығарманың желісі бойынша кейіпкерлерді сомдайды, көз алдына елестетеді. Ал, ұзақ уақыт бойы телефонға телміріп отырған адамның миында ақыл-ойды дамытатын шығармашылық процестер жұмыс жасауын доғарады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім алыңдар»,- дейді. Ғаламды кеңінен шарлауға мүмкіндік беретін құндылық, ол — қашанда кітап екенін естен шығармайық!

Дариға Құрманалы,
оқушы. Д.Қонаев ауылы.

Поделиться ссылкой: