Жамбыл облысында эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын медицина қызметкерлеріне үстемақы берілді

709 Views

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі COVID-19 коронавирусты бақылау аясында эпидемияға қарсы іс-қимылға қатысатын денсаулық сақ­тау ұйымдарының қызметкерлерін қар­жылық қолдаудың кейбір мәселе­лері туралы бұйрығына сәйкес, атал­мыш қауіпті дертпен күресіп жат­қан денсаулық сақтау ұйымдары қыз­­меткерлерінің жалақысына үстем­ақы мөлшерлері белгіленді.
Мемлекеттік бюджеттен 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін бекітілген үс­теме көлемінде материалдық қолдау көр­сету үшін қаражат бөлінді. Ал, Қор қаржылық оператор рөлін атқарып атал­ған қаржатты медициналық ұйымдарға жібереді.
Үстемақы алушылардың тізімін жа­сақ­тауға әрбір өңірде құрылған шұ­ғыл штабтар жанындағы комиссия құзырлы. Олардың құрамына қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақ өкілдері кіреді және облыс әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде басқарылады. Яғни, нақты айт­қанда, үстемақы төлеу туралы ше­шім­ді Қор шығармайды.
Жоғарыда аталған Денсаулық сақ­тау министрлігінің бұйрығына сәй­кес, денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлеріне берілетін үстемақы көлемі COVID-19 короновирусты жұқ­тыру қаупінің үш тобы бойынша жүр­гізілетін болады.
Бірінші тәуекел тобы – өте жоғары, бұл жұқпалы стационарлардың, реани­мация бөлімшелерінің дәрігерлері, аға және орта медициналық қызмет­керлер. Оларға 20 АЕК – 850 мың тең­ге көлемінде үстемақы төлеу қарас­ты­рылған.
Екінші топқа (жоғары қауіп) прови­зорлық стационарларға тартылғандар, же­дел медициналық жәрдем және сани­тарлық авиация дәрігерлері мен фельд­шерлері кіреді. Оларға 10 АЕК – 425 мың тенге көлемінде үстемақы төлеу қарастырылған.
Үшінші топқа (тәуекелдің орташа дең­гейі) дәрігерлер, карантиндік стацио­нарлардың орта және кіші медициналық қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және басқалар жатады. Оларға 5 АЕК – 212,5 мың тенге көлемінде үстемақы төлеу қарас­тырылған.
Қор барлық стационарлармен келісім-шарттар жасасты. Бүгінгі күні медицина ұйымдарының қызметкерлері тиісті үстемеақыларын алды. Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры жағдайға үнемі жан-жақты тал­дау жасап отырады. Медициналық ұйым­дарды – қордың жеткізушілерін қаржы­ландыру еш тоқтатылмайды және де тиісті кесте бойынша жүргізіледі. Жам­был облысында алғашқы үстемақы төлем­дердің сомасы 40,1 млн. теңгені құрады.
Жамбыл облысы бойынша Ден­саулық сақтау басқармасының мәлі­метіне сәйкес, Жамбыл облысы әкі­мінің 2020 жылғы 06 сәуірдегі №73 «COVID-19 коронавирусымен күрес шең­берінде эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, наурыз айына нақты жұмыс атқарған уақыты бойынша 270 қызметкерге барлығы 40 100,0 мың теңге көлемінде үстеме ақы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы үстеме ақы төленді. Оның ішінде 40 дәрігер, 129 орта буын, 89 кіші буын медицина қызметкерлері, 12 жүргізушілер. Атап айтар болсақ, бірінші топтағы ин­фекциялық стационарда барлығы 28 медициналық қызметкерге 4900,0 мың теңге, екінші тәуекел топтағы прови­зорлық стационарда 37 медициналық қызметкерге 10900,0 мың теңге, үшінші тәуекел тобының карантиндік стационардағы 205 медициналық қызметкерге 24300,0 мың теңге төленді.
Медицина қызметкерлерін қаржы­лай қолдаудың мақсаты — COVID-19 коро­на­вирусымен күрес аясында эпи­де­мияға қарсы шаралардың толық орындалуын қамтамасыз ету.

Мавлюда Бокаева,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры.

Поделиться ссылкой: