2 272 Views
Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Діни іс-шараларды өткізу тәртібі туралы
Бас мүфти еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдеді.
«Тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз. Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда тағы басқа мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері: 1. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге; 2. Көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана тағы басқа) жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауыз ашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз: а) Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату; ә) Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру; б) Ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру, тағы басқа» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.
РАҚЫМ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті аудан тұрғындары! Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – сансыз сезімдер мен кемерінен асып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн тұтасқан, Жасаған Иеміздің рақымы мен мейірімі тұнған ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі, тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат. Пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз
Құдуси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін баяндаған. Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық! Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Биылғы Рамазан айында елдегі төтенше жағдайға байланысты жылдағыға ұқсамайтын біраз өзгешеліктер болғалы тұр.
Ата-бабамыз қилы-қилы заманды бастан кешіп, қиындық көрсе де, небір зұлматтарға сабыр етіп, ауыртпалықтың арты жақсылық боларына үлкен үмітпен Хақ Тағалаға сыйынып, «Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп өткен екен дүниеден.
Қиындығы мен қуанышы, жақсылығы мен жамандығы, байлығы мен жоқшылығы қатар өрілген бұл өмірдің қай тұсында қайғыға ұшырап, қай тұсында қуанышқа бөленеріміз тек бір Аллаға аян. Сондықтан да бір Аллаға үміт еткен мұсылман баласы мұндай сынақ сәттерде сабырлық танытып, үмітсіздікке бой алдырмауы қажет.
Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп бергей!
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әумин!
С.Джадраев,
аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы.
Поделиться ссылкой: