Ауызбіршілік – береке мен бірліктің бастауы

1 204 Views

Тәуелсіздік деген қастерлі сөзді болашақ ұрпақ сезінсін деп қаншама бабаларымыз жанқиярлық танытып, жазықсыздан жазықсыз жапа шекті. Керей мен Жәнібек хан халықтың қамын күйттеп, Қасым хан қайсарлықпен шайқасып, Абылай бабамыз аттан түскен жоқ. Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы сынды зиялыларымыз ұлт мүддесі үшін бастарын қатерге тікті. Солардың қайсар мінезінен қуат алған желтоқсаншылар 1986 жылы қылышынан қан тамған қы­зыл империяның айдағына көнбей, қазақы намыстың ұшқынын ұқтырды. Осылайша, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған тарих орнады. Бодан­дықтың қамыты артта қалып, Алаш­тың төрінде тәуелсіздіктің таңы атты. Осы кезде барша қазақ бөркін аспанға лақтырып, қуаныштан көз жасқа да ерік берді. Ол – жай жас емес, ішкі түйсікті жарып шыққан шынайы жас болатын. Міне, біз ғұмыр кешіп жатқан Тәуелсіз Қазақстанның тарихи құндылықтары осындай. Айтар сөзге оңай болғанымен, таусылмас төзім мен жаралы жыл­дардың жеңісі бұл. Енді осындай қиын сәтте тәу етер тәуелсіздігімізді ұлықтап, мемлекеттің татулығы мен бейбітшілігін, берекесі жарасқан ынтымағын сақтау барлығымыз үшін міндет деп білеміз. Қазақ қандай жағ­дайды болсын, ауызбіршіліктің арқа­сында жеңе білген. Біз әлемді жайлаған мына індеттен де аман шығамыз. Өйткені, «Біз біргеміз!».Төтенше жағдай кезінде бір-бірімізге демеу көрсету мақсатында ел аумағында республикалық» «Біз біргеміз!» атты қоғамдық қоры құрылған болатын. Қордың құрылуына бастамашы болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, «Нұр Отан» пар­тиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін айту ләзім. Қазіргі күні елдің барлық өңірлерінде «Біз біргеміз» деген ауқымды акция кең өріс алып, көп балалы және тұрмыстық жағдайға байланысты аз қамтылған отбасыларға азық-түлік тауарлары үлестіріліп жатыр. Аталмыш акция шеңберінде ауданда жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 400-ге жуық отбасыға материалдық көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамту шарасы ұйымдастырылыпты.
Аудан әкімдігінің ұйымдас­тыруы­мен қолға алынған «Біз біргеміз» ак­ция­сына қомақты үлес қосқан жаны жомарт кәсіпкердің бірі – «Ақтоған» ша­руа қожалығының жетекшісі Сайд-Хасан Ахаев. Кәсіпкердің де­меу­шілігімен аудан аумағындағы 15 ауылдық округтегі 150 отбасына материалдық көмек көрсетілген. Сайд-Хасан Ахаев «Мейірім» әлеуметттік дүкеніне 50 келілік бірінші сортты «Ақтоған» ұны мен 150 қап макарон өнімін әкеліп өткізген екен.
Апта басында аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Тұрар Рысқұлов ау­дандық филиалының төрағасы Ерболат Садырқұлов «Мейірім» әлеу­меттік дүкеніне барып, қиын сәт­те жанашырлық танытып, қайырымды істі қолдаған жаны жо­март жандарға өз тарапынан алғыс білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде «Алтау ала бол­са, ауыздағы кетеді, Төртеу тү­гел болса, төбедегі келеді» деген қазақ мақалын тілге тиек етіп, елдің берекесі ауызбіршілік болғанда ғана өрге домалайтынын айтты. Сондай-ақ, Ерболат Салқынбекұлы осы іске белсене атсалысқан аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан құрылған еріктілер корпусының мүшелері яғни, белсенді жастарға да жеке алғысын білдірді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: