Домбыра — бабамыздың мұңы, даламыздың сыры

514 Views

Қазақтың сан ғасырлық сырын да, шексіз шерін де ішіне сыйғызған қос ішекті қара домбыра. Домбыра- дәуірлердің көне көзі, мәңгілік мұрасы.Ұлтымыздың көркем күйін де, қасірет күйінішін де күллі әлемге жеткізген домбыра екені һақ.
«Білгің келсе біздің жайды,
Содан сұра тек қана,
Одан асқан жоқ шежіре,
Одан асқан жоқ дана» деп қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлі ғазиз ғасырлардың құрдасы, сан замандардың заңғар биік сазы қара домбыраға өз бағасын береді. Иә, тағылымы терең тарихымыз да, шұғылалы шежіреміз де қасиетті қара домбырамен асқақтап, айбынын тік­теп тұрғандай.
Атақ пен марапаттың дүріл­деп тұрған дәуірінде дәстүріміздің дидары болып тұрған домбыраның жанамалап айтқанда, «тыста» қалып қойғаны жасырын емес. Қазақтың тойында қос ішекті домбырамен табалдырықта меймандарды қар­сы алып, ән салып, нәпақа тауып жүрген «қара нәсілділерді» көр­ген кезде ішің удай ашиды. Олар домбыраны кәсіби дең­гейде тартады дегенге өз ба­сым «ат басындай алтын» берсе де сенбеймін. Бұл ешбір қоспасы жоқ өтірік емес, шығар күндей шын сөзім ардақты ағайын.
Домбыра сайын даланың сай-саласын аралап, қазақтың құт мекенін қоңыр үнімен тербеген теңдессіз аспап. Солай бола тұра қасиетті қара домбыраға «қастық» қылып жүрген жандар аз емес өкінішке орай. Теледи­дардан күні-түні насихатталып жатқан ессіз эстраданы тыңдап көріп, үй ішіндегі көк кілемшеде ілініп тұрған домбыраға қарап амалсыз күрсінесің. Эстрадалық мазмұнсыз әндер емес, тиегінің өзі тарихпен астасып жатқан асыл домбырамен шертілген дәстүрлі әндер насихатталу керек емес пе? Дамыған елдер ұлттық өнерін әрқашан алдыңғы орынға шығарады. Ал, бізде барлығы керісінше. Экраннан тек сөз мәтіні түсініксіз ессіз әндер дәріптелуде.
«Біз алыптарды туамыз, жоқтай аламыз, бірақ сақтай алмаймыз!..» деген ақын Светқали Нұржан ағамыздың сүбелі сөзі бар. Домбыра — келешек ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңдіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін құнды жәдігер. Сондықтан қазақтың ұлттық аспабын бағалау сіз бен біздің парызымыз.

Жәнібек Әміре,
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің
11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: