ПОЛКОВНИК АҚЖОЛОВ
Ауылда Аязбай қария туралы сөз бола қалса олардың өскен-өнген әулет екенін екінің бірі жаңылмай айтып бере алады. Елден естуімше үлкен аталары Ақжол да, Аязбай ақсақал да денелі, қазанаттың өзі әрең көтеріп жүретін батыр тұлғалы кісілер болған екен. Аязбай шалдың көзін көрдім, ауылдағы Жұматай мен Әубәкір аталар сияқты найзаға түсіп, жиынды жерде білек сыбанып біреумен белдеспесе де ел ол кісінің сесінен сескенетін. Одан өрбіген ұрпақ та кейін атан жілікті азамат болып өсті. Солардың біреуі Аязбай кісінің кіндігінен тараған Бұрхан (оны жұрт Бақтыбай деп те атап кеткен) да балуан денелі қарулы жігіт болып өсті. Ол Қаратау қаласындағы тау-кен құрылыс техникумын тәмамдап, Луговойға келгеннен құрылыста істеді. Жан жары Айнагүл екеуі дүниеге төрт ұл әкеліп, оларды оқытты, үйлі-жайлы етті, сөйтіп екеуі де зейнет демалысына шықты. Енді сол төрт ұлдың балаларын әлпештеп, айналып-толғанып отыр.
Бәкеңнің ұлдары спортқа бейім болып өсті. Сондықтан болар, олардың барлығы күрессе жауырыны жерге тимейтін нағыз балуанның өзі болатын. Ұлдың үшеуі әскери қызметті таңдады. Үлкен ұл Нұрлан қазір Меркіде полиция майоры, ал, ең кенжесі Нұрсұлтан Қазақстан Қарулы Күштерінің лейтенанты. Нұрғали ғой физрук. Біз әңгімемізге арқау еткелі отырған ортаншы ұл – Нұрмахан да әскери адам. Енді оның өмірбаян жолдарына үңіліп көрейікші…
– Отбасымызда төрт ұл болған соң оларды ата-баба дәстүрімен Отан қорғауға, елін, жерін сүюге баулыдым,-дейді Бұрхан Аязбайұлы Ақжолов.-Біздің ауылымызда әскери шені бар азаматтар бұған дейін болған емес. Әйтеуір ататек шежіресінен білетініміз Тоғызақ, Таңабай, Жанкісі, Досқожа сынды батыр аталарымыз болған деп балаларға айтып отыратынмын. Осы Нұрмаханым Әлихан Бөкейханов (бұрынғы Варошилов) мектебін бітіре салысымен Алматыдағы Қазақстан Қарулы Күштерінің Академиясына құжаттарын тапсырып, оқуға түсіп кетті. Сол Кеңес Одағының маршалы Қонев атындағы Академияны бітірген соң Теміртау қаласында әскери қызметін өтей бастады. Балаңның әрбір басқан қадамы әкеге қуаныш әкеледі екен. Ол офицерлік жолды дұрыс таңдапты. Өмірлік жарын да осы салада жүріп тапты. Қазір Құралай келінім Қазақстан Қарулы Күштері Министрлігінің кадрлар бөлімінде жұмыс істейді. Ал, Нұрмахан болса қызметтегі орындаушылық қабілетінің арқасында тез өсті. Сөйтіп, әскери қызмет оның өмірінен айшықты орын алды.
Иә, әке балаға сыншы. Десек те, Нұрмахан өте принципшіл, айтқан бетінен қайтпайтын өте табанды азамат болып өсті. Соның арқасында Қарулы Күштерді әскери қару жарақпен қамтамасыз ететін бас басқармада да мінсіз қызмет етті. 2007 жылы ағылшын тілінен үздік тест тапсырған, оны командирлері Америка Құрама Штаттарына кәсіптік шеберлігін шыңдау үшін тоғыз айлық оқуға жіберді. Нұрмахан мұхиттың ар жағындағы елдің Президенті Буштың қолынан диплом алып елге оралды. Сөйтіп, ол 2010 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде әскери-техникалық саясат Басқармасында майор шенін алып, қызметін одан әрі жалғыстырды. Сөйтіп, ол ел Қарулы Күштерінде тұңғыш рет өткізілген әскери-техникалық көрменің куәсі болды. 2014 жылы подполковник Нұрмахан Ақжолов тағы да АҚШ-қа барып кәсіптік шеберлігін арттырып қайтты. НАТО-ның Иордания аумағында өткізген командалық-штабтық оқу-жаттығуларына қатысып келген соң оны басшылар бір әскери бөлімге басқарма басшысы етіп тағайындады.
4 мамыр Нұрмаханның туған күні. Ал, 7 мамыр Отан қорғаушылар Күні Н.Б.Ақжоловқа кезекті полковник шені берілді. Әрине, бұған Нұрмаханның әкесі мен шешесі де қатты қуанды. Әулеттің осы қуанышын Нұрмаханның он бір жыл білім алған мектебімен, әсіресе, оның ұстазы Татьяна Васильевна Паршинамен бірге бөліскіміз келді. Өйткені, ол кісі осы Нұрмахан сияқты Отан қорғаушы патриот тәрбиелегенін білсін дедік.
С.Қожеке.
Суретте: полковник Нұрмахан Бұрханұлы Ақжолов.