Кез келген жұмыста абырой арқалаған жөн

751 Views

Сейсенбі күні аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жұмыс алгоритміне сәйкес Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы орта мектепке жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының жай-жапсарымен танысты. Аталмыш білім ошағы 1992 жылдан бері қарай жөндеу көрмеген. Болтай батыр атындағы мектептен талай дарынды шәкірттің түлеп ұшқанын біз жақсы білеміз. Соның бірі – ҚР Мәдениет қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, елімізге белгілі әнші Досымжан Таңатаров. Осындай таланттар шоғыры білім алған мектептің бір әттеген-ай деген тұсы, күрделі жөндеу жұмысының жүргізілмей, уақыт оздырып тұрған сәті еді. Міне, биыл ұзақ жылдан бері шешімін таппай келген мәселе оңды болып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мектепке құрылыс жұмысын жүргізетін мердігер «Қаратау құрылыс — 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмысының жобалық сметалық құны – 211 млн.931 мың теңге. Қазіргі күні жөндеу жұмысының 40 пайызы орындалған. 10-шы тамызға дейін мектеп құрылысы толығымен аяқталады деп күтілуде. Осылайша, жаңа оқу жылын оқушылар ерекше тебіреніспен әрі жаңаша серпіліспен бастағалы отыр. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов адам баласы үшін білім ордасының қаншалықты маңызға ие екенін атап өтіп, құрылыс жұмысының сапалы жүргізілуін шегелеп тапсырды.
Аудан әкімінің бекітілген кестеге сай аралаған кезекті нысанның бірі Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің ғимараты болды. Бұл мектепке де ұзақ жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Дәлірек айтсақ, 2003 жылдан бері Орындық Рысқұлова басқаратын аталмыш білім ошағы араға он жеті жыл салып, қайтадан жаңаша келбетке енетін болады бұйыртса. Бұл мектепке құрылысты жүргізіп жатқан мердігер «Жаңатас сервис құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 700-ден аса оқушы білім алатын мектеп ордасының жобалық сметалық құны — 258 млн. теңге. Мұнда да Ерболат Садырқұлов құрылыс жобасының авторы, техникалық қадағалаушы және мердігер компания жетекшісімен құрылыс материалдарының сапасы жөнінде біраз әңгіме қозғады. Сөз соңында аудан басшысы жұмысқа салғырт қарамай, сапаға мән беруді айтып, құрылысқа жауапты мамандарға бір күндік табысты емес, мың күндік алғысқа татитын абыройға кенелу жайын ойлау қажеттігін айтты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: