Баламыздың болашағын ойласақ…
1 маусым – Балаларды қорғау күні
Бүгінгі бүлдіршін — елдің ертеңгі тірегі әрі жарқын болашағы. Сондықтан да балаға келгенде барымызды аямаймыз. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау айтарлықтай көбейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кәсібінен нәсібін табам деуші азаматтарға қаржылай қолдау көрсетіп, әрдайым оларды демеп келеді. Тіпті карантин кезінде де кәсіпкерлер тасада қалып қойған жоқ. Оларға жеңілдетілген несие беріліп, мемлекеттік салықтан да босатылды. Бұл бағытта ел Президентінің Жарлығымен жуырда 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қарап отырсақ, бұл қомақты қаражатпен шағын бизнесті әрмен қарай дамытуға, тұралап тұрған тірлікті жандандыруға әбден болады екен. Дегенмен, осындай мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға қарамастан, кейбір кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар неге екені белгісіз топырлатып тойхана соғып, азық-түлік дүкендерін салуға құмар-ақ.
Оған анық көз жеткізгіңіз келсе, аудан орталығындағы бас көшемен бір жүріп өтсеңіз жеткілікті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, біздің ауданға кешқұрым болса да, балалардың бір мезгіл серуен құратын ойын-сауық орталығы жетіспей тұрғаны айдан анық. Шындап келгенде ойыны тасыған, онысын қайда шығарарын білмей, «жер-көкке сыймай» жүрген балаңды қайда апарарыңды білмейсің. Бұл жайында бұрын да сөз қозғаған болатынбыз. Алайда, әзірге мұны еститін құлақ пен мақұлдайтын бір пенденің табылмай тұрғаны өкінішті-ақ. Сондықтан да аудандағы кәсіпкерлер дүркіретіп дүкен, топырлатып тойхана сала бергенше, біздің осы айтқан өтінішімізге де бір ауық көңіл бөлсе дейміз.
Әлемдегі ең бірінші орында тұрған «Қай спорт?» десек, ойланбастан: «Футбол» деп жауап берер едік. Өйткені, оны дүние жүзі бойынша миллиардтаған адам тамашалайды. Аталмыш спорт түріне тек қызығып қана қоймай, сүйсіне ойнайтындар да жетерлік. Тіпті, бұрындары қарапайым аулада доп теуіп жүріп, қазіргі таңда әлем назарын өзіне аударып отырған аяқдопшылар да өте көп. Бірақ, сол көптің арасында қазақтың қара баласының жоқтығы көңіліңді құлазытады. «Мәселенің мәнісі неде?» деуіңіз мүмкін. Себебі, біз тәуелсіздік алғалы бері аталмыш спорт түріне дұрыс мән бермей келеміз. Ел біріншілігінде сырттан келген легионерлерді ойнатып, өз жігіттерімізге мүмкіндік сыйлаудан алшақтап барамыз. Оған өз жігіттеріміздің ойын практикасы мен шеберлігінің аздығы да басты себеп екендігін тілге тиек ете кеткеніміз жөн болар. Енді қайтпек керек? Бұл ретте біз балалар футболына аса қатты мән беруіміз қажет. Өз ісінің нағыз маманы бола алатын білікті бапкерлерге үміт артып, бүлдіршіндерімізді тегін жаттықтыруымыз қажет. Сонда ғана нағыз таланттар шығатын болады. Біздің ойымызша бұл жұмыстарды аудан аумағында да жүзеге асыру қажет секілді. Ауданымыздағы спортқа жауапты мамандар ұсынысымызды зор ықыласпен қабылдайтынына бек сенімдімін.
Әлемді жайлаған пандемия елімізде ақсап тұрған салалар мен осал тұстарымызды айқындап, анықтап бергендей көрінеді маған. Жасыратын несі бар, карантин кезінде медицина, ғылым және білім салаларының шын бетпердесі ашылды. Оны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы кездері көп қозғап жүр. Тіпті, төтенше жағдай режимі толығымен аяқталғаннан кейін аты аталған салаларға үлкен қолдау білдіретінін де жасырмады. Біздің ойымызша бұл мәселені де балалар арқылы шеше алатын секілдіміз. Дәлірек айтқанда оларға еліміздің әр аймағында, тіпті аудандарда заманауи құрылғылармен жабдықталған «Оқушылар сарайын» салу алдағы күннің еншісінде дер едім. Онда көптеген үйірмелер ашып, оқушыларды медицина, ғылым, білім салаларына даярлау өте қажет. Бұл бастама бүлдіршіндеріміздің ғылымға деген алғашқы зейінін қалыптастыратынына кәміл сенімдімін. Сондай-ақ, онда ауыл шаруашылығы саласына қатысты қызықты үйірмелерді де ашуға болады. Аудандағы атқамінер азаматтар осы бағытта белсенділік танытып, біз ұсынған ұсыныстарға үн қосады деген ойдамыз.
Түйін: Қандай жағдай болмасын бала біздің болашағымыз екенін ұмытпағанымыз абзал. Ең тиімді инвестиция — ақшаны балаңыздың біліміне жұмсау керектігін қаперіңізден шығармаңыз. Бүгінде балаға деп жұмсаған әр тиыныңыз ертең еселеп қайтатына сенімді болыңыз. Ең бастысы балаңызға жайлы жағдай жасай біліңіз. Сонда ғана біз саналы, адами капиталы мол, білімді де, білікті ұрпақ тәрбиелей алатын дамыған мемлекеттер қатарынан орын аламыз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.