Іскер басшыны халық әрқашан қолдайды
Биыл аудан бойынша 91 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлінген. Жөндеу жүргізілетін 91 көшенің 46-сы аудан орталығы болып есептелетін Құлан ауылында болса, 17 көше темір жол торабының бойында орналасқан Луговой ауылына тиесілі. Одан бөлек, әр ауылдық округтерден тағы да 28 көшеге дәл осындай жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, кірме жол саналатын Құлан-Шөңгер және Рахым Сәбденов ауылының солтүстік кіре берісі мен оңтүстік кіре берісі жолдары да жөнделетін болады. Оған қомақты қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігерші болып «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылды. Сонымен қатар облыстық маңызы бар Көгершін-Құлан және Құлан-Қарақыстақ елді мекендері аралығындағы автокөлік жолдары да жөнделіп, көптен бері сөз болып келген мәселенің түйіні шешілмек. Бұдан өзге қосымша аудан бюджеті есебінен Көкдөнен, Құлан, Абай, Каменка, Жаңатұрмыс ауылдарына жаяу жүргіншілер үшін саяжол салынып, көгеріштендіру, тал егу және абаттандыру жұмыстары қолға алынатын болады.
Сәрсенбі күні аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жұмыс алгоритміне сәйкес Қайыңды ауылдық округіне барып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысты. Қайыңды ауылдық округіне қарасты екі елді мекен бар. Олар: Мамайқайыңды және Сөгеті ауылдары. Округтің орталығы болып табылатын Қайыңды елді мекенінде газ да, ауыз су да бар. Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің де сыртқы және ішкі келбеті өзге ауылдардағы білім ошақтарына қарағанда көш ілгері. Өйткені, ауыл мектебіне 2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда барлық мектеп ұжымдары секілді бұл мектептің де ішіне әжетхана орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал, Мамайқайыңды мен Сөгеті елді мекендерінің тұрғындары ауыз судың «қорлығын» көріп-ақ келеді. Ол мәселе әзірге шешімін таппай тұр. Жалпы округ аумағындағы көгеріштендіру және абаттандыру жұмысы мардымсыз. Бұл олқылықты аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы Қайыңды ауылдық округінің әкімі Азамат Асанбайға әңгіме барысында ерекше ескертіп айтты. Сөгетідегі ауылдық клубтың жағдайы да мәз емес. Оның ауласын тазалау жұмыстары мүлде жүргізілмеген десе де болады. Әйтеуір биыл Мамайқайыңды және Сөгеті бастауыш мектептеріне ағымды жөндеу жұмыстары қолға алынып отыр. Құрылысты «КазСтройГрад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алған. Мамайқайыңды мен Сөгеті елді мекендерінің тұрғындары үшін бұл өте қуанышты жаңалық.
Ерболат Салқынбекұлы ауыл әкімдеріне іскерлік қажет екенін баса айтып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасын біраз сынға алды. Аудан басшысы жұмыста жауапкершілікті талап етіп, құрылыстың сапасын қадағалауға алу қажеттігін ескертіп, жауапты сала мамандарына тапсырма жүктеді.
Түс мезгілінен соң аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Ақыртөбе ауылдық округіне келді. Ақыртөбеде электр жарығына байланысты проблема жоқ деуге болады. Газдың да мәселесі оңды шешілген. Мұндағы түйткілді сұрақтардың бірі ауыз су мәселесі. Сондықтан болар, ауыл ақсақалдары әкіммен өрбіген әңгіме барысында бірден осы мәселені қозғады. Содан соң, өңірде мәдениет үйі мүлдем жоқ. Бірақ, оның жобалық — сметалық құжаттары әзірленген. Клубты салатын орын да бар. Алайда қаражат мәселесі әлі шешілмей отыр. Сондай-ақ, мұнда жолды асфальттау мәселесіне келгенде де проблема баршылық екен. Оны ақсақалдардың әңгімелесу барысында олардың ашына айтқан сөзінен байқадық. Ауылдық округ әкімі Айбек Әбішевтің айтуынша жұмыс барысы ойдағыдай жүргізілуде. Бір қуанарлығы, округке қарасты Малдыбай ауылына биыл жаңа ауыз су жүйесі тартылыпты. Малдыбайдағы әбден айта-айта жыр болған мектеп мәселесі де бір жүйеге келе бастапты. Биыл ауыл мектебіне жапсарластырылып екі пән кабинеті мен асхана, сондай-ақ, әжетхана салу қолға алыныпты. Бірақ, әжетхананың құрылыс сапасына аудан басшысының көңілі толмады.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов ауылдық округ ақсақалдарымен өрбіген әңгіме барысында бірлік бар жерде әрқашан тірлік болатынын жеткізді. Үлкен кісілер аудан әкімінің іскерлігі мен кез келген мәселені байыппен түсіндіре білген қарым- қабілетіне дән риза болысты.
Марат Диханбай.