СІЗ жҰМЫС ІЗДЕП ЖҮРСІЗ БЕ?
Сейсенбі күні аудан орталығындағы «Сұлутөр» кинотеатрының ашық алаңында дәл осындай тақырыппен бос жұмыс орындарына жәрмеңке өткізілді. Айта кету керек, аталмыш шараның ұйымдастырылуына аудан әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-сі ұйытқы болды.
Аудан әкімдігіне қарасты орталық аталмыш іс-шараға жоғары деңгейде дайындалған. Мәселен, олар ең алдыменен әр түрлі санаттағы мекемелерден сұрау салып, бос жұмыс орындарын анықтаған. Нәтижесінде жұмыс берушілер тарапынан инфрақұрылымдық жұмыспен қамту жол картасы бойынша — 40, ақылы қоғамдық жұмысқа– 36, білім беру мекемелеріне -10, денсаулық сақтау саласына -15 бос жұмыс орындарына сұраныс берілген.
Ұйымдастырушылар 100-ден астам бос жұмыс орнының тізімін жазып, жәрмеңке қатысушыларына қолайлы жағдай жасаған. Тізімге зер салсаңыз, ауданда құрылысшылар мен дәрігерлер, сондай-ақ, орыс тілі, ағылшын, музыка, математика, география, тарих пәндерінің мұғалімдері жетіспейтіндігін анық аңғаруға болады. Сонымен қатар тізімде тіс дәрігері, дефектолог, банк менеджері мен әлеуметтік мамандарға да сұрау салынғанын байқадық.
Шара барысында орталық мамандары жұмыс іздеп келген аудан тұрғындарына әр түрлі бағыттарда ақпарат беріп, түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. Атап айтар болсақ, тұрғындардың басым көпшілігі төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты тағайындалған әлеуметтік көмектер жайында мағлұматтармен танысты. Нәтижесінде 60-тан астам аудан тұрғындарына аталған көмектер бойынша ақпарат берілді. Сондай-ақ, 36 адамға ақылы қоғамдық жұмысқа жолдама берілсе, 2 адам жастар практикасымен жұмысқа жолданды.
Карантиндік кезеңнен кейін шағын кәсіпкерлікке де аса қатты көңіл бөлінуде. Жәрмеңкеде аталмыш бағыт бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. Жауапты мамандар тұрғындарды кәсіпкер атанудың алғы шарттарымен таныстырып, мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға ұсыныс тастады. Нәтижесінде 2 аудан тұрғыны ұсынысты қабыл алып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының оқу жолдамасына ие болды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Суретте: Еңбек жәрмеңкесіне қатысушылардың өтініштерін қабылдау сәті.
Суретті түсірген автор.