Медицина қызметкерлері марапатталды

637 Views

Өткен жұмада селекторлық режимде жиын өтіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бейне-конференц байланысы арқылы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аудандық орталық аурухананың бірқатар қызметкерлері аймақ басшысының құттықтау лебізін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында отырып, тыңдады. Өз сөзінде Бердібек Машбекұлы коронавирус дертінің саны күннен-күнге көбейіп тұрған сәтте өз қызметтерін мінсіз атқарып, білек сыбанып еңбек етіп жатқан ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор екенін атап өтті. Аймақ басшысы карантин кезінде көптеп шоғырлануға болмайтындықтан, осындай режимде жиын өткізіп отырғанын алдыға тартып, адам жанының арашашысы болған медицина қызметкерлерінің жұмысына табыс, отбасыларына бақыт, береке, амандық-саулық тіледі.
Бейне-конференц байланыс арқылы өткен жиын аяқталысымен аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов сөз сөйлеп, даталы мерекеге орай аудандық орталық аурухананың бірқатар қызметкерлері айтулы наградалармен марапатталып отырғанын тілге тиек етті. Аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев та жүрекжарды лебізін білдіріп, ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрқашан зор ықыласқа ие екенін жеткізді. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Шындос Мырзалиев те әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады. Айта кетейік, аудандық орталық аурухананың 3 қызметкері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі тағайындаған марапатқа ие болды. Осы сәттен бастап, Қаражігітова Найля Тәуірбеққызы мен Жақияев Нұртай Қалиұлы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері атанды. Ал, Рубилов Уалихан Жұмабайұлына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Тілеужанова Фатима Жасанқызына облыс әкімінің Құрмет грамотасы берілсе, облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хатына Малышкина Ирина Александровна ие болды. Халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін берілетін Ұлттық медициналық ассоциациясының «Алтын дәрігер» төсбелгісі Таурбекова Алмакүл Тоқтасынқызына табысталды. Гүлнәр Бекембаева, Роза Бостанова, Салтанат Саирманова, Жанаркүл Мақұлбаева, Гүлдана Жадраева, Шолпан Мұсылманқұлова есімді сала қызметкерлері науқастарға медициналық көмек көрсетудегі рақым, жақсылық және кәсіпқойлығы үшін берілетін «Мейірім» төсбелгісін иеленді. Айдана Ниязбекова, Ләззат Жақияева, Зарина Өсербайқызы, Алима Искаковаларға аудан әкімінің алғыс хаты табыс етілсе, Тельжан Телеубайұлы, Нағима Тулеева, Қарлығаш Боранбаева, Индира Керімбайқызы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының алғыс хатын алды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: