80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды
Соңғы кездері елімізде халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналып отыр. Оның өзіндік себебі де бар. Елімізде төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 340 мыңдай әлеуметтік аз қамтылған отбасы бар екен. Солардың 31 000-нан астамы баспанаға мұқтаж отбасы ретінде әкімдіктерде ресми түрде тіркелген. Дегенмен, былтыр оңтайлы шешімдердің арқасында «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы төрт мыңға жуық отбасы үйлі болып, қоныс тойын тойлаған. Дейтұрғанмен, мұндай шарапаты мол шаралардың өзі де баспанамен қамту мәселесін түбегейлі шеше алмауда.
Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баспанаға мұқтаж жандардың санын азайту мақсатында іске асырылатын бірқатар бастамаларды мәлімдеді. «Қолжетімді тұрғын үй құрылысы экономиканы дамытуға, жұртты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ баспана мәселесі әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды факторына айналуы керек. Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы ипотекалық несие беру ісіне және тұрғын үй құрылысына тың серпін берді. Кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін тұрғын үй несиесімен қамтамасыз етуге арналған «5-10-20» жаңа жобасын іске асыруды тапсырамын. Осыған орай дағдарысқа қарсы бөлінген қаражат есебінен 390 миллиард теңге бөлеміз» деп, алдағы уақытта елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынатынын, ел аумағында 15 миллион шаршы метрге жуық үйдің іргесі қаланатынын айтып, кезекте тұрған жандарды қуантқан еді.
Енді сол 150 мыңға жуық пәтердің 80-і біздің ауданымызда да салынады. Тіпті, биылғы жылға 13,3 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары тамыз айында басталып та кетті. Жобаның жалпы құны 593 миллион теңгені құрайды. Құрылысты жүргізетін мердігер компания «Сырым Блеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал, жобаның авторы – «Арыстан-Сервис» компаниясы. Тұрғын үйдің техникалық қауіпсіздігіне, сапалығына жауапты компания – «Елжан 2006» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш мәліметтердің барлығын бізге аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаев мәлімдеп берді.
«Арай» тұрғын үй алқабына салынатын пәтерлер ең алдымен кезекте тұрған жандарға берілмек. Айта кету керек, дәл бүгінгі күнге дейін ауданда 879 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Иә, бұл аудан халқының тұрғын үйге деген сұранысын түбегейлі шешеді деп айта алмаймыз. Дегенмен, кезекте тұрған көп балалы, жағдайы төмен деген үйелмендердің пәтер алып қалуы әбден мүмкін.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.