Кәсіпкерлікті дамыту – табыс пен тұрмыстың тетігі

325 Views

Қазақстан егемендік алғалы мемлекет қолынан іс келетін кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, шаруасын дамытуына жағдай жасады. Соның нәтижесінде бүгінде кез келген кішігірім ауылдан шағын және орта бизнестің көзін көре аламыз. Бұл мемлекеттің қарапайым халықты кемел келешекке қол жеткізіп тіршілік көзін табуына мүмкіндік бергендігі деп топшылаған жөн. Кім қандай кәсіппен айналысып, оны қалай бастаймын десе де, оның алдынан ешқандай кедергі туындаған емес. Керісінше, мемлекетке де, өзіне де пайдасы тиетін мүмкіндікті мол етіп ұсына білді.
Қазіргідей жаһандық үдеріс ден­деген кезеңде де кәсіпкерлерге мем­ле­кет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Бұл жайлы жуырда Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан халқына жолдаған «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтып өтті. Президент жаңа Жолдауда «Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен сала­ларындағы кәсіпкерлердің қазір­гі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойын­ша мемлекеттік субсидия беруді тапсы­рамын» деді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы: «Кәсіпкерлерге қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені, нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орташа бизнестің өр­кен­деуімен өлшенеді. Мұндай ком­паниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек»- деп отандастарына жігерлі сөз арнады.
Жолдау – мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін аса маңызды рөл атқарады. Себебі, осы құжатта айтылған тапсырмалар мен міндеттемелердің жоспарлы түрде орындалуы экономикамыздың, халықтың хал-ахуалының түзелуіне үлес қосады. Сондықтан әрбір қазақстандық Отан­ның адал азаматы ретінде Жолдауға қолдау білдіруге тиіс.

М.Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: