Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
Жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімі Ерболат Садырқұлов өткен сейсенбіде Қорағаты шағын орталықты орта мектебіне барып, аталмыш білім ошағында жаңа оқу жылының ұйымдастырылу процесімен танысты. Бұдан өзге аудан басшысы ауылдағы Абай, Ы.Алтынсарин, М.Әуезов, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова және Құрманғазы көшелеріне диодты шамдардың орнатылуын, сонымен қатар Төле би көшесіне жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу жұмысын барып көрді. Қорағаты ауылдық округінің әкімі Бақытбек Аблазимовтың іскер әкім екені белгілі. Бірақ сонда да Ерболат Салқынбекұлы ауылдың әлеуетін арттыру бойынша ауыл әкімімен алдағы жоспарларды талқылап, Бақытбек Жақсымбетұлына өз ұсыныстарын айтты.
Бұдан соң Ерболат Салқынбекұлы Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Бәйтелі бастауыш мектебіне келді. Биыл бұл мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Аудан әкімі әлі де арқаны кеңге салуға болмайтындығын сөз етіп, мектеп басшылығына санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Аудан басшысы барған кезекті нысанның бірі Қызылшаруа елді мекеніндегі № 3 шағын орталықты орта мектеп болды. Ілгеріректе Қызылшаруа деп аталған № 3 шағын орталықты орта мектептің құрылысы 1978 жылы аяқталып, пайдалануға берілген екен. Аталмыш білім ошағынан талай дарынды оқушының түлеп ұшқанын біз жақсы білеміз. Бір «әттеген-ай» деген тұсы, әбден көнерген білім ошағына күрделі жөндеу жұмысының жүргізілмей, уақыт оздырып тұрғаны еді. Міне, биыл ұзақ жылдан бері шешімін таппай келген мәселе оңды шешімін тауып, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Мердігерші «Санат — Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылысқа бөлінген қаражаттың жиынтық сомасы 164 миллион теңгені құрайды. Бірақ құрылыс алаңынан компания басшысы Еркебұлан Аханбековті таба алмадық. Ерболат Садырқұлов жұмысшы санын арттырып, мектеп құрылысының аяқталмаған кейбір жұмысын белгіленген мерзімде аяқталуын мердігер компанияның өкілдігіне қатаң түрде табыстады.
Одан кейін аудан басшысы Ақбұлақ орта мектебіне жүргізіліп жатқан құрылыс алаңына барды. Толығымен күрделі жөндеуден өткен аталмыш мектептің құрылысына 222 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Құрылыс жұмысын тендрден ұтып алған мердігерлік компания «Гарейс- строй» ЖШС-і. Алайда, компания өкілдерімен ауыл тұрғындарының, мектеп басшылығының араларында бірін-бірі түсініспеушілік орын алған тәрізді. Сондықтан да құрылыс жұмысы тым баяу жүргізілуде. Өкінішке орай бұл жақтан да компания басшыларын көре алмадық. Құрылыс жұмысының сапасы да айтарлықтай мәз емес. Қыркүйектің 15-іне дейін жөндеу жұмыстары «біте қояды» деуге сену қиын болып тұр. Ерболат Салқынбекұлы бұл мектептің әбден тозығы жетіп, бірнеше жылдан бері күрделі жөндеу көрмей тұрған нысанның бірі екенін ескертіп, «қалтаға түсетін» қаражатты емес, адам бойындағы ізгі қасиеттің бірі жауапкершілікті алдыңғы орынға қою керектігін баса айтты. Мердігер компанияның өкілі құрылыс жұмысын белгіленген межеге дейін бітіреміз деп сендірді.
Марат Диханбай.