Ботулизмнің алдын алу
36 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Бірер жыл бұрын сарсаңға салынған білім саласын жаңа оқу жылында көптеген өзгерістер күтіп тұр. Дәлірек айтар болсақ, мұғалімдердің жалақысы тағы да 25 пайызға ұлғаймақ. Одан бөлек «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң аясында төленетін қосымша жарналар тағы да бар. Сонымен қатар, көптің көкейінде жүрген мәселе қайта шешімін тапты. Енді мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер қазіргі «Сауат ашуды» емес, бұрыңғыдай «Әліппе» мен «Ана тілін» қайта қолына алып оқитын болады. Жаңа оқу жылынан бастап, мектептердегі цифрландыру жүйесі де қайта қалпына келтірілмек. Өйткені, білім саласы карантиндік кезеңде оқушыларға онлайн дәріс беру сәтінде айтарлықтай қиындықтарға тап болған болатын.
Адами капиталы дамыған, білімді де білікті, саналы ұрпақты тәрбиелеу үшін мектептің материалдық базасы барлық талапқа сай болғаны абзал. Биыл осы бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, дәл қазір аудан аумағында орналасқан 8 бірдей білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер компаниялардың да қарқыны көз қуантады. Дейтұрғанымен, мердігерлердің белгіленген мерзімге дейін нысанды тапсыра алмау қауіпі де бар. Бұл олқылықты аудан әкімі Ерболат Садырқұлов құрылыс нысандарын аралау сәтінде анықтады.
Аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы бас сұққан алғашқы нысан – Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебі. Талай жылдан бері күрделі жөндеу жұмысын көрмеген ғимараттың бүгінде өңі өзгеріп, құрылысшылардың ықпалыменен біраз жұмыс еңсеріліпті. Атап айтар болсақ, білім ошағының шатыры толығыменен ауыстырылған. Шатыр үстіндегі қауіпсіздік шаралары да қарастырылып, арнайы сақтық құрылғылары да орналастырылыпты. Сондай-ақ, нысанның терезелері толығыменен пластикалық үлгіде жаңартылған. Қазіргі таңда қабырғаларды әрлеу, есік орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы мектептің құрылыс жұмысына жауапты мердігер компания – «Қаратау құрылыс – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның сметалық құны – 211931,0 мың теңгені құрайды. Сәуір айының бел ортасында басталған құрылыс жұмыстары тамыздың 10-шы жұлдызында аяқталуы керек. Бірақ, мектептің сыртқы бөлігі, кіреберіс жұмыстары әлі де аяқталмаған. Осыны аңғарған аудан әкімі нысанды өз мерзімінде тапсыру керектігін мердігерге қатаң түрде ескертті.
Мерзімге байланысты ескертуді Ақтоған, Шоқан Уәлиханов, №1 мектеп-лицейінің құрылысына жауапты мердігерлер де алды. Олардың айтуынша дәл қазіргі таңда сапалы жұмыс жасайтын құрылысшыларды табу қиынға соғып жатқан сыңайлы. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының тұралап тұруына әлемді жаулаған індеттің де әсері бар көрінеді. Құрылыс басшыларының сөзіне сенсек, қазіргі таңда көптеген құрылысшы сырқаттанып, соның салдарынан өздері қиындыққа тап болғанын жеткізді. Бірақ соған қарамастан құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауға уәде берді.
Аудан басшысы Ерболат Садырқұлов мектептерді аралау кезінде құрылыс заттары мен жұмыстың сапалығына, бөлінген қаржының әр тиыны тиімді игерілуіне аса қатты мән беру керектігін алға тартты. Сондай-ақ, жауапты мамандарға құрылысшылардың басым бөлігі жергілікті жердің азаматтары болуын және қолданылатын құрылыс заттарының кем дегенде 90 пайызы отандық өнімнен тұруын нақты қадағалауды тапсырды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.