Учаскелік инспекторларға қызметтік көліктер берілді

863 Views

«Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар қоғам алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс»

(Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан)

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» атты Жолдауында: «Бүгінгі қо­ғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбе­гейлі жақсаруын күтіп отыр. Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек» — деп, аталмыш саланы түбегейлі реформалау керектігін айтқан болатын. Содан бері міне құқық қорғау саласы жаңаша жаңғырып, барынша оңтайлы өзге­рістерге бет алды. Елбасының бұл бастамасын қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдап, сала­ның барынша дамуына жан жақ­ты қолдау көрсетуде. Мәселен, Мем­лекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында құқық қорғау саласына айтарлықтай көңіл бөлген еді. Дәлірек айтар болсақ, ел Президенті өз Жолдауында құқық қорғау жүйесін толығымен өзгерту аса маңызды міндеттердің бірі екендігін ескеріп, ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге қаражат бөлінетінін айтқан еді. Ел қазынасынан бөлінген бұл қомақты қаражат құқық қорғау қыз­меткерлерінің еңбекақысын көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қыз­мет көрсету қағидаты бойынша поли­цияның заманауи фронт-офистерін ашу­ға жұмсалатынын нақты атап өткен болатын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да атал­мыш сала қызметкерлеріне үлкен сенім артатынын айтып, учаскелік инспек­тор­ларға қатысты өз бастамасын ұсын­­ды. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар қоғам алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құ-қықтарын қорғауға тиіс» деп құқық қорғау саласындағы жауапты мамандарға маңызды тапсырмалар жүктеді. Сол тапсырмалар бүгінде бірте-бірте орындалып та келеді.  Соның айқын дәлелі ретінде кеше ауданның орталық алаңында ұйымдастырылған іс-шараны атап өтуге болады. Шарапаты мол іс-шара барысында аудандағы 21 учаскелік инспектордың әрқайсына қызметтік автокөліктердің кілттері табыс етілді. Салтанатты жиынға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудан ардагерлер ұйымының төрағасы Қожайхан Бижанов, аудан әкімінің орынбасары Жандос Ордабаев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Қайрат Қапаров, аудандық полиция бөлімінің жанынан құрылған ардагерлер ұйымының төрағасы, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Еділхан Жақсығұлов және аудандық полиция бөлімінің жеке құрамының қызметкерлері қатысты.
Шара барысында саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі, жеткен жетістері баяндалып, келген қонақтарға сөз берілді. Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аудан тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында қызмет атқарып жүрген бөлімнің қызметкерлеріне өз алғысын жеткізді. «Аудан тұрғындарының конституциялық құқығын қорғау мақсатында атқарып жатқан жұмыстарыңыз ұшан-теңіз. Біз оны біліп те, естіп те жүрміз. Аудан аумағында қылмыстық іс-әрекеттердің азаюы сіздердің нәтижелі жұмыстарыңыздың жетістігі деп білемін. Соңғы кездері еліміз бойынша құқық қорғау саласына ауыз толтырып айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Оны бүгінгі іс-шарадан-ақ анық аңғаруға болады» деп учаскелік инспекторлардың жұмысына табыс тілеп, қызметтік көліктердің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Айта кету керек, аталмыш қызметтік көліктер соңғы үлгіге сай жабдықталған. Көлік ішінде учаскелік инспекторларға қажетті құрылғылардың барлығы да орналастырылған. Алдағы уақытта сала басшылары қажетті қосымша құрылғыларға тапсырыс беріп, қызметкерлерге үлестірмек ниетте. Бұл туралы аудан әкіміне полиция бөлімнің басшысы Қайрат Қапаров мәлімдеді. Полиция полковнигі бүгінгі таңда учаскелік инспекторларға айрықша көңіл бөлініп отырғандығын айта келіп, алдағы уақытта аудан аумағында қосымша бейнебақылау жүйесін орнатуды көздеп отырғандығын алға тартты. Көліктердің жылдамдығын және аумақты бақылайтын камера келесі жылы ауданның алты бірдей аумағына қойылатынын жеткізді.
Жиын барысында Қожайхан Бижанов, Еділхан Жақсығұловтар сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Салтанатты жиынға қатысушылар мемлекет тарапынан берілген автокөліктер абыройлы қызмет атқаруға өз септігін тигізетініне сенім білдірді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: