Ауданда алғаш рет рапс дақылы егілді

614 Views

Қай салада болмасын ең алдыменен сапаға айрықша көңіл бөлінетіні белгілі. Сол секілді бұл қағида елімізде кең өріс алған ауылшаруашылығы саласында да аса маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары елімізде әсіресе ауылшаруашылығына қолайлы жері бар оңтүстік өңірлерде агросаланы дамытуға ерекше ден қойылуда. Соның айқын дәлелі ретінде аймақ бойынша қолға алынған рапс дақылын өсіру бастамасын мақтана атап өтуге болады.
Аталмыш бастаманы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев барынша қолдаған болатын. Содан бастап тиісті басқармалар мен аудандағы жауапты бөлімдер осы бағыт бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқара алды. Әр түрлі кездесулер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шаруаларға арналған семинар-тренингтер өткізілді. Ауданда жоспар бойынша 100 гектарға жуық алқапқа күздік рапс дақылын егу үшін облыстан арнайы тапсырма берілген. Түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде аудан шаруалары жоспарды артығымен орындап, 160 гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отыр. Өткен аптада қожалықтардың бірнешеуі жерге аталмыш майлы дақылды бастырып та үлгерді. Әсіресе, Мұратбек Арыстанбеков басшылық ететін округте бірнеше шаруа қожалықтары күздік рапс дақылын егуге ниет танытқан. Солардың бірі – «Достық – Е» шаруа қожалығы. Шаруашылық басшысы Айтжан Ихиев аты аталған дақылды өз алқабының 10 гектарына егуде. Бұл мақсатта Мұрат Айтымбетов пен Андрей Исаев сынды механизаторлар егіс алқабындағы қиын жұмыстарды еңсеріп, тынбай еңбек етіп жүр. Қожалық жетекшісінің айтуынша аталмыш бастамаға жергілікті басшылар барынша қолдау көрсетіпті.  «Рапс дақылын егу үшін 10 гектар егістік алқабымызды дайындап қойдық. Аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің мамандарымен тығыз байланыста жұмыс жасап, Алматы қаласындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтынан қажетті дақылды тиімді бағада ала алдық. Ол үшін аймақ және аудан басшыларына айтар алғысымыз шексіз» деп өз ризашылығын білдірді. Расымен де. Абай ауылдық округінде түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілген секілді. Оны ауылдық округ аумағына рапс дақылын егуге ниет танытқан «Медеу төре», «Құрманбай», «Нұрпейіс» шаруа қожалықтарының оң бастамасынан анық аңғаруға болады.
Агросаланы алшаң бас­тыра­тын дәл осын­дай бастамаларды қолдауға жаңатұрмыстық шаруалар да зор ықылас таныт­қан. Солардың бірі әрі бірегейі – «Әділ» шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Қалдыбек Әділов те өзіне тиесілі егістік алқап­тың 10 гектарына алғаш­қылар­­дың бірі болып, рапс дақылын екті. Шаруаның айтуын­ша, ол дақылды екпес бұрын оны жан-жақты зерттеп те көріп­ті. «Мен майлы әрі азықтық дақыл­дарға жататын бұл өсімдік туралы бар ақпаратты ақтарып, барынша зерттеп көрдім. Зерттеу барысында оның суыққа төзімді, ал, құрғақшылыққа төзімсіз екендігін аңғардым. Сол себепті де оны тіршілік көзі тез жететін алқапқа егіп отырмын. Бұл жұмыстарға өз балаларым барынша көмектесіп, қолдауын білдіруде» деп дақылдың өзге де артықшылықтарына тоқталып өтті. Егістік алқабына арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев пен ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әлдибек Туғанбаев та пікір алмасу барысында рапс дақылының басты артықшылықтарына кеңінен тоқталып, көптеген тың ақпараттармен бөлісті. Дәлірек айтар болсақ, олар Қалдыбек Әділовке «рапс» жерді тыңайтуға қолайлы дақыл екенін, сондай-ақ, ауа райының әртүрлі жағдайларына төзімді болатынын алға тартып, қожалықтың бастамасына сәттілік тіледі.
Қожалық басшысы ауылшар­уашылық мамандарына алға қойған мақсаттарымен де бөлісті. Қалдыбек Әділов алдағы уақытта егіншілікпен қатар, балық және құс шаруашылығын дамытуды көздеп жүргенін айтып, осы бағыттарда атқарып жатқан жұмыстарын толықтай баяндап берді.
Жалпы күздік рапс дақылын егуге ауданнан 15 шаруа қожалық ниет білдірген. Ол үшін ауылшаруашылығы бөлімі 600 килограмм дақылды ауданға жеткізу бағытында жүйелі жұмыс жасап, қожалықтарға үлестіріпті. Бұл туралы бізге ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов баяндап берді. Бөлім басшысының айтуынша, жоспар артығыменен орындалған. Тіпті, дақылды егуге құлшыныс танытып жатқан шаруалар әлі де бар екенін жеткізді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: